$ 494.87  520.65  4.91

Жазира Жаппарқұл әкім берген пәтерді ата-анасына сыйлайтынын айтты

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Рио олимпиадасынан жүлдемен оралған оңтүстікқазақстандық қос спортшыға баспана мен көліктің кілтін сыйға тартқан болатын. Ауыр атлетикадан Олимпиаданың күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл болса 2 бөлмелі осынау пәтерді ата-анасына беріп, өзіне әкімнен алған жол талғамайтын көлікті ғана қалдыратынын айтты.

Облыс әкімі халықаралық бәсекеде еліміздің намысын қорғап, көк туымызды желбіреткен спортшы қыздарға «Нұрсат» шағын ауданынан екі және бір бөлмелі пәтерлердің кілтін табыстап, кәсіпкерлердің атынан «Toyota Land Cruiser 200» және «Toyota Land Cruiser Prado» джип автокөліктерін мінгізді.

«Сіздер Рио олимпиадасында өнер көрсетіп жүргенде барша жерлестеріміз Өздеріңіз үшін жанкүйерлік танытып, күні-түні тілеулес болды. Сондықтан бұл сый-сияпатты бүкіл Оңтүстік жұртшылығының атынан берілген алғыс деп біліңіздер», - деді Б.Атамқұлов.

Өз кезегінде, спортшы қыздар – Жазира мен Отгонцэцэг саланы дамытудағы қолдаулары үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, 2020 жылы Токиода өтетін халықаралық олимпиадада ел үмітін ақтап, барын салатындықтарын жеткізді.

«Мен облыс әкіміне алғысымды білдіремін, біз секілді спортшыларды қолдағаны үшін. Әкімнен осындай құнды сыйлықтарды алғаныма қуаныштымын. Пәтерді ата-анама беремін, ал көлікті өзім жүргіземін. Жүргізуші куәлігін осыдан екі жыл бұрын алып қойғанмын», - деді Жазира Жаппарқұл қуанышымен бөлісіп.

Естеріңізге салайық, Рио олимпиадасынан кейін Жазира мемлекет тарапынан алатын ақшалай сыйақыны жиен сіңлісінің емдомына жұмсайтынын мәлімдеген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары