ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының 4 жылдық мерейтойы аясында кәсіпкерлер, кәсіпкерлерге қызмет көрсететін мекемелердің қызметкерлері арасында кіші футболдан турнир өтті.
Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаиловтың өзі ашып берген турнирге 10 команда қатысып, додалы бәсекеде топ жарып «Халықты жұмыспен қамту орталығы» командасы бас кубокты алды. Екінші орынды «Мақтарал ауданы әкімінің аппараты» еншілесе, үшінші орынды аудандық «Сәулет және құрылыс бөлімі» командасы иеленді.
Айта кетейік, Мақтарал ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығында салалар бойынша жеткен жетістіктер көрсеткіштерін насихаттау мақсатында құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері халықпен кездесіп, түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар өткізіп келеді.
Сондай-ақ, тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында тек Мақтарал ауданында ғана емес, бүкіл облыс аумағында түрлі спорттық шаралар өтіп келеді. Мәселен, жуырда ғана Оңтүстік Қазақстан облысының имам-молдалары спорттық алаңда өзара бақ сынап көрді. Шағын футболдан өткен жарыстың соңы арқан тартысқа және тоғызқұмалаққа ұласып, дін өкілдері де салауатты өмір салтына үлес қосқан болатын.
Бұдан бөлек желтоқсан айының басында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған футболдан журналистер мен блогерлер арасында турнир өткелі отыр. Шымкентте өтетін жарысқа облыстың өзге де аудандарынан командалар қатысады деп күтілуде.