$ 449.3  489.69  4.89

«Тірідей жеп жатыр»: елсіз жерге түнеп, ішіне жын қонған бала

Қорқынышты фильмдерде көрсетілетін құбыжықтар, мумиялар бір-бірін тірідей жеп жатыр. Қараңғыда жанған көздері лазер сәулесіндей алысқа жетуде. Терісіне құрбақа мен тасбақаның сыртқы жабыны қапталған беймәлім, аты да, заты да түсініксіз тіршілік иелері бұған қарай келе жатты.
фото: youtube.com
фото: youtube.com

«Қашайын деген киік еді

Артына шыбық тиіп еді», - деп тозығы жеткен сары кітаптарды атасына оқып беріп отқан қара баланың бүгінгі реңі біртүрлі. Көзінің нұры қашайын деген бе қалай.... Әйтеуір түр-сипаты күдікті.

 Әңгіменің әлқиссасын әлімсақтан тартып, «біздің кезімізде» деп бастайтын атасына газет-журналдарды оқып беру бұл күндері осы баланың басты жұмысы. Күнібойы мұрыннан аққан қосағарын тартып-тартып жіберіп, дорба аузы ақ көбікке толғанша оқудан жалықпайтын баланың дауысы да бүгін анық шықпай отыр. 
 Мұның осы қалпын байқаған атасы: 

«Әй, не болды саған!? Өз үйшігінен алыс шығып үрмейтін күшіктерше шәңкілдеп қалдың ғой. Дұрыстап оқы!», - деп дүрсе қоя берді. Сол сәтте өң мен түсін ажырата алмаған қалпынан айығып, еңсесін тіктей бастады. Қанша қалыпқа келіп, күнделікті болмысына көшейін десе де түндегі көргені көз алдынан кетер емес.

 «Егін алқабын торыған жабайы құстар есіл еңбекке тиіспесін» деп қойған қарақшының жанына ай жарығын жамыла барғандағы көрініс әлі де бұған жақындап келе жатқандай.

Қорқынышты фильмдерде көрсетілетін құбыжықтар, мумиялар бір-бірін тірідей жеп жатыр. Қараңғыда жанған көздері лазер сәулесіндей алысқа жетуде. Терісіне құрбақа мен тасбақаның сыртқы жабыны қапталған беймәлім, аты да, заты да түсініксіз тіршілік иелері бұған қарай келе жатты. 

 Алғашқы мүшеліне де жетпеген бала қорыққаннан тілге келмей сол жерде есінен танып қалған.

Түн ортасы ауғанда масаханадан дәрет сындыруға шыққан баланы кеудесінде жаны бар ешкім байқамаған. Себебі, ол айдаладағы, ауылдан 100 шақырымдай қашықтықта орналасқан жазғы егіннің басын қарауылдауға үшін түнеуге қалған еді.

Таңертең күлімдеген күннен бұрын тұрып үлгерген баланың денесі содан бері делсал. Сөйлесе тілі күрмеледі, жүрсе, басы айналады. Қатар-құрбыларымен бұрынғыдай асыққа таласып, «мынау тәйкі, мынау бүк, мынау шік» деп таласуды да қойған. Күнұзақ аңдығаны көрпе-төсек. Қуыстағы бөлменің төріне барып самарқау күйде жатады да қояды.

Қазір де сол қалыпта мызғып бара жатқан. Сырттан естілген бейтаныс үн құлағына дереу жетті. Ата-анасы «Баламды жын қақты! Бірдеңе қылыңыз, дем салып, ұшықтап беріңіз!?» деп молданы шақырған екен.

Ел арасында жын шығару ісімен аты жайылған молда бөлмеге кіріп келген бетте оның екі көзіне тесіліп ұзақ қарады. Құдды біреу баланың көзіндегі ағына қара қаламмен «құпия хат» жазып кеткендей. Кітап оқыған секілді күбірлеп, буын-буынға бөліп бірдеңелерді іштей қайталады.Содан кейін барып, көзін тарс жұма сәл отырды да,  өзімен бірге ала келген Құран кітаптың беттерін әрі-бері парақтап араб тілінде Құран сүрелерін қайталап оқи берді. Қарсы алдында екі аяғына әрең тұрған бала сол сәт тәлтіректеп құлады.

 Есін жиып қараса, екі иығына қанат біткендей қалықтап аспанға ұшқысы келеді.  

...Әне, арада он жыл өткенде бозбалаға айналған кешегі боқмұрын бала таудың етегінде ауыл жаққа көз салып тұр. Осы жылдар аралығында бала кезде аяқ астынан түсініксіз жағдайға тап болғанын бір сәт те есінен шығарған емес. Тек үлкендердің «Түнде айдаладағы иесіз қыстауға қонуға болмайды, иесіз қыстау мен жайлауды жын-шайтан иектеп жүреді» деген сөздері ойына еріксіз орала береді...
 
Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары