7 маусым күні Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты БТА Банк қаржысын жымқыруға қатысты іске нүкте қойды. Айыптылар қатарында банктің бұрынғы топ-менеджерлері Жақсылық Жарымбетов (төрағаның экс-орынбасары), Қайрат Садықов (несиелеу бойынша экс-директор) және бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш бар. Ал, басты айыпты Мұхтар Әблязовтың Францияда екені белгілі. Сот оған сырттай үкім кесті.
Айыптау шешімі 500 парақтан тұрды. Оны екі прокурор екі күн бойы кезегімен оқып шыққан. Істің өзі 2 224 томды құрады. Ал, тергеу болса 8 жылға созылған.
Іске нүкте қойып, үкім шығару "мәртебесі" аталған соттың төрағасы Мартпек Кәкімжановқа тапсырылыпты.
"Әблязов Мұхтар Қабылұлы, Қазақстан Республикасының азаматы, 1963 жылдың 16 мамырында дүниеге келген, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, бұрын сотталған, Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 263-бабының 4-бөлігі бойынша - "Қылмыстық қоғамдастық құру және оған басшылық ету, сол сияқты оған қатысу", 176-баптың 3-бөлігі бойынша - "Тыңшылық", 220-баптың 1-бөлігі бойынша - "Облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны мақсатсыз пайдалану", ҚР Қылмыстық кодексінің 228-бабы бойынша - "Бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу қағидаларын бұзу". Әблязовтің мүлкін тәркілеп, оны 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраймын", - деді прокурор судьядан Әблязовқа жаза сұрап.
Судья прокурордың өтінімін қанағаттандырып, экс-банкирді 20 жылға бас бостандығынан айырды.
Жақсылық Жәрімбетов болса өз кінәсін мойындап, тергеуге көмектескені үшін 5 жылға шартты жазаға ілінді. Судья оның 6 баласы бар екенін де ескерген.
Қайрат Садықов өзіне тағылған айыптардың тек кейбірімен ғана келіскен. Судья оны 15 жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етті және 300 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Судья Сәдақас Мәмешті де 5 жылға шартты жазаға кесті.