$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте сот отырысы бірінші рет электронды өтті

Шымкентте тұңғыш рет сот процесі электронды түрде өтті. «Электронды қылмыстық іс жүргізу» жобасы Шымкент қаласы Абай аудандық сотында жүзеге асырылды. Онда туған әпкесінің үйіне ұрлыққа түскен сотталушының ісі қаралды деп жазады Otyrar.kz.

Өткен жылдың желтоқсан айанда сотталушы туған әпкесінің үйінен жылытатын пешті ұрлап әкеткен. Туған бауырынан ұрлап алған дүниесін сатып, жаңа жылдық шығындарына жұмсаған. Яғни, құны 30 мың теңге тұратын пешті Қырғы базарға апарып, бейтаныс ер азаматқа 15 мыңға сатқан. Сотталушы 2000 теңгесін таксиге төлеп, қалғанын ішіп жегенін айтқан.  Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге барлық моральдық, материалдық шығынды өтеп берген. Екеуара бітімге келіп, жәбірленуші, яғни әпкесі туған інісіне кешірім беретіндігін айтты.

Сонымен, тараптар тыңдалып, сот бір шешімге келді.

«Сотталушының өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығындардың өтелгенін, тараптардың татуласуын ескеріп, ҚР ҚПК 35-ші бабы негізінде істі өндірістен қысқартып, сотталушы ҚР ҚПК-нің 68 ші бабының 1-ші бөлігі негізінде қылмыстық жауаптан босауы тиіс деп есептейді», – деп сот үкімін оқыды.

Айта кетейік, бұл қылмыстық іс бастан аяқ электронды түрді жүргізіліп, сотқа жолданған. Сот процесінде де мемлекеттік айыптаушы да, судья мен адвокат та әдеттегі том-том қағаз құшақтап жүрген жоқ. Енді барлық процес дерлік электронды түрде өтетін болады дейді судьялар. Бұл өз кезегінде жұмыстың тиімділігін арттыруға, тергеу уақытын қысқартуға, қаржылық үнемдеуге сеп.

Бұл жоба нәтижесінде тергеп-тексерудің сапасы артады деп күтіледі.  Барлық тарап, адвокат, жәбірленуші, айыпталушы кез келген уақытта, онлайн режимінде істің барысымен таныса алады. Тараптардан тергеушінің іс әрекетіне қатысты шағым келтірілсе, прокурор  онлайн режимде тергеушінің іс әрекетін тексеруге мүмкіндік бар. Сараптама күшейеді. Бұл ҚР Жоғарғы соты, Бас прокуратурасы, құқық қорғау органдарының бірлесіп қолға алған «Электронды қылмыстық іс жүргізу» жобасының нәтижесі дейді жауаптылар.

Айта  кетейік, бұл жоба өткен жылы ОҚО Түлкібас ауданында сынақ ретінде жүргізілген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары