Кеше Астанада «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешенінің 400-ге жуық жұмысшысы өздерін заңсыз жұмыстан шығарып жібергені туралы мәлімдеме жасаған болатын. Өздерінің айтуынша, олар жұмыстан шығару туралы ешқандай ескерту алмаған. Аталған қысқартулар жайында тек жұмысқа келген кезде бір-ақ білген.
Құрылысшылар осы шиеленіскен жағдайды шешу үшін «Нұр Отан» партиясына жүгінген болатын. Соған орай кеше олар партияның Астана қалалық филиалы басшылығымен кездесті. Осы мәселеге қатысты «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, «Нұр Отан» Астана қалалық прокуратурасымен бірлесіп жұмыс істеуде. Бүгінде қалалық прокуратура бұл шешімнің қаншалықты заңды екенін тексеру үстінде. Мәселенің мәнін анықтау үшін Астана қаласының әкімдігі де жұмылдырылғанын атап өткен жөн.
– Осы мәселені оңтайлы шешу үшін барлық қажетті жұмыстар қолға алынды. Бұл жағдайды «Нұр Отан» партиясы өз бақылауында ұстайды. Мұндай сәтте сабырлық танытудың маңызы зор. Қаланың құқық қорғау органдары мен әкімдігі де жұмыс істеуде. Осылай күш біріктіру арқылы бұл келеңсіз жағдайдың оң шешілуіне сенім білдіремін, – деді Мәулен Әшімбаев.