$ 444.22  476.38  4.82

Ата заң – кемел болашақтың кепілі

Биыл Конституциямыздың 20 жылдық мерейтойын мемлекеттік дәрежеде атап өтпекпіз. Біздің Ата Заңымыздың арқауы тереңде жатыр. Бүгінгі Конституциямыздың алтын жібі аталарымыз ұстанған сара жолдан басталады. Арғы аталарынан сабақтаса келіп, тектілік пен төреліктің төріне шыққан Керей мен Жәнібек хандар сонау 1465 жылы тіршілік көзі – қос өзен Шу мен Талас алқабында алғаш рет ресми түрде қазақ хандығын құрып еді. Бұл қазақ жеріне көз тігіп, халқына мұрын шүйіре қараған жауларға көрсетілген сұсты сес болатын. Осылайша, «еркін», «ерікті», «тәуелсіз», «ер», «азат» деген ұғымды білді­ретін атау тұңғыш рет халық атауына лайық келді. Қазақ өз алдына ел болып, отау тікті, шаңырағын көтерді. Яғни, Ата Заңымызда жазылғандай, біздің әу бастағы демократиялық басты құндылығымыз – бостан­дық, еркіндік, тәуелсіздік деген ұғымдармен астасып жатыр.

Конституциямызда жазыл­ғандай, өткеннен тәлім ала білген, ел бірлігін тәуелсіздігіміздің басты қағидаларының бірі етіп қадірлеген халқымыз, әуел бастан-ақ тағдыры тамырлас Қазақстан мемлекетіндегі 130-дан астам ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астына жұдырықтай жұмылып, еліміздің баянды бола­шағы үшін талмай еңбек етуде. Аузы дуалы ата-бабаларымыз, Ұлы көш бастауында болған хан­дарымыз бен билеріміз де ұрпа­ғына тек қана бірлікте болған қазақтың бағы жанатынын, баянды ел болатынын, ата-бабалар арманын асқақтататынын айтып кеткен. Бүгінгі Ата Заңымыздың да түп-төркіні осында жатыр. Қазақ хандығының өркендеуіне Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тәуке хан, Әбілқайыр мен Абылай хан және қазақ үшін жан аямай күрескен соңғы Кенесары хан көп үлес қосты. Олардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа тарай берері хақ. Халқымыз 550 жыл бойы мемлекеттігімізді нығайтып, даму үстінде болды. Ел құрып, етек-жеңімізді жиып, қаптаған жау­дың ортасынан аман алып шық­қан Керей мен Жәнібек хан­дардың бастамасын одан кейін билікке келген Қасым хан жал­ғастырып, жандандыра түсті. Жауынгерлік, қолбасшылық қабі­летімен қатар, ел бірлігіне қол жет­кізе алған Қасым хан Қазақ хан­­дығы тарихында конс­титуция­лық құдіреті бар «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып, ел бір­лігіне, мемлекет тұрақ­тылы­­ғына зор қызмет жасаған заң қабыл­дады. Осы ізбен халық­қа жет­кен Есім ханның «Ескі жолы» мен әз-Тәукенің «Жеті жар­­­ғысында» заң­намалар бірін-бірі то­­лықтырып, бүгінгі Консти­­ту­­ция­ның қабылдануына негіз болды.

Қазақ қоғамында ертеден-ақ билер соты деп ата­латын ел бас­қарудың тамаша демо­кра­тия­лық жүйесі қалып­тасқа­нын баршамыз білеміз. Ел тарихы мен әдебиетінде Дешті Қып­шақ дәуірінде, Жошы ұлы­сы, Қазақ Ордасы, одан кейінгі пат­шалық Ресей дәуірі кезін­де қазақ арасынан суырылып шы­ғып, билік айтқан, қара қылды қақ жарып, төбелі билер төрелі сөзін жүргізгені айтылады. Би­лердің сол кездегі негізгі рөлі – заңгерлік және бітімгерлік. Себебі, ел арасындағы даулар билер талқысына салынғанда, бір би айыптаушы, екіншісі ақтаушы, үшіншісі төреші болып, бірігіп шешкен. Сондықтан, бүгінгі заманның прокуроры мен адвокаты да, судьясы да би болған. Ал бітімгер дейтініміз, халық пен ханның арасында, екі елдің арасында дәнекер, үйлестіруші, қазіргі тілмен айтқанда дипломат қызметін жүзеге асырған. Мысалы, 1710-1711 жылдары қазақ-ойрат шабуылы кезінде қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолмен бітімге келу үшін екі жақ бір-біріне мәмілегер-елшілік жібермек болады. Осы жолы қазақтан Қазыбек би елшілікке барады. Өз кезегінде сөз алған Қазыбек: «Біз, қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз… Танымайтын жат елге – танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келген­біз, тұтқыр сары желіммен жа­быс­қалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұры­сатын жеріңді айт!», – деген­де, жоңғар қонтайшысы сөзге тоқ­тап, бітім­ге келген екен. Би­лер­дің дипло­матиялық қызме­ті, міне, осы. «Жау­ластыр­мақ – жау­шы­дан, елдес­тірмек – елші­ден», «Ел­шісіне қарап елін таны» деген аталы сөз осындайда айтылса керек.

Би – дау-жанжалды шеше­тін, кесімді төрелік айтатын, әділ үкім шығаратын адам. Қазақ қо­ғамында билерді сайлау, таға­йын­дау немесе бекіту деген түсі­нік болмаған. Би қызме­тін жалғас­тыру атадан балаға мұра болып та қалмаған. Биді халық таңдаған. Халық бидің табиғат берген шешендік, сөзуар­лық, ақыл-пара­сат, қызыл тілде еш­кімге дес бермес қасиет­тері­не қарап, «Дала заңы­ның» негіз­гі қа­ғид­алары мен нор­мала­рын білуі, өзіне дейін­гі атақты би­лердің үлгілі сөзі­нен нәр алуы­на аса назар аудар­ған. Бала билер тәжірибелі, көр­нек­ті, ел алдындағы айтулы би­­лердің тәрбиесінде болып, атқос­шылықта жүріп, тәжірибе жинаған. Кезегі келгенде тәлімгер билердің ақ батасын алып, билік айтып, тура билігімен ел аузына іліккен. Қара қылды қақ жарған әділдігімен халық қалаулысына айналған. Билердің кесім-бітімі көп­шіліктің көз алдында, ашық аспан астында айдай анық боп жарияланатын. Би шешімін сұлтандар мен старшындар жүзеге асыратын. Би дұрыс үкім шығармаған жағдайда өзінің абыройынан айырылып, оған жүгінушілер болмайтын да, сол кезден бастап ол өзінің «би» деген атағынан айырылатын. Ал ешкімге бұра тартпай, дұрыс шешім шы­ғарса, еңбегі үшін кінә­лі жақ­тың есебінен сыйақы ала­­тын. Сыйақының мөлшері дау­да өнді­рілетін мүліктің оннан бір бөлігіне тең болатын. Билердің аузынан шыққан даналыққа толы ой-толғамдар ел аузында таралып, жатталса, ондағы негізгі ой елді жақсылыққа, дұ­рыс жолға жетелеген. Әділ­дігімен, турашылдығымен жұрт көңілінен шығып отырған билер, ең алдымен, ел бірлігі мен татулығын ойлады. Билер институты қазақ жерінің берекесі, отан сүйгіштік, ерлік және ар-ождан сияқты маңызды қасиеттерді жоғалтпауға және адами құндылықтарды сақтауға үйретіп отырды.

Әділеттің ақ туын желбіретер биге қойылар талап қашан да қатаң. Бұл туралы академик Салық Зиманов өзінің төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кіта­бында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дау­ларын қарастыра отырып, тарап­тардың арасында, рудың ара­сындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырыса­тын. Билер сотының осы асқақ мұрат­тарының талабына жауап беру үшін билер дала данала­рының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» деп жазған.

Бүгінгінің биі – бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын мемлекеттік қызметші. Қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми 2014 жылғы 26 наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жол – айқын, мақсат – белгілі, мүдде – бір» атты сұхбатында: «Судьялар қауымдастығының қайнар көзі, алтын бастауы билер соты деп бағалаған жөн. Даланың данагөй данышпандары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, тіпті олардан да бұрын өмір сүрген біздің даңқты бабаларымыз қазақ қоғамының, қазақ мемлекеттігінің дамуына бағасы жоқ үлес қосып, ал рулар мен тайпалардың арасында қалыптасқан дауларды шешудің қайталанбас жолдарын көрсетіп, үлгілерін танытты. Осылайша, дүние өзгеріп, қаншама ғасырлар артта қалса да адал сөз әділ биліктің жаңғырығы біздің жаңа дәуірімізде де әлі естіліп тұр. Ендеше, өздерінің өмір жолдарын сот жүйесімен байланыстырып, судьялық қызметті таңдап алған әрбір азамат жаңа заманның әділ биі атану үшін аталған ұлттық құндылықтарымыздан сусындап, тиісті қорытынды жасағаны жөн. «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» деп алға ұмтылып, межелі мақсат пен асыл мұратқа жетуді көздеген азамат судьялық қызметті абыроймен атқаруы тиіс», – деп, қазір­гі судьялардың да айтулы ха­лық билеріндей ел алдында биік беделге ие болуын тәлім еткен.

Қазақтың зерттеуші ғалым­дарының бірі де бірегейі Қ.Сәт­баев: «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары мен білімі бар», – дейді. Расында да, би мемлекет атынан сөйлейтіндіктен, заң мен ар-ожданын басшылыққа алып, шешім шығаруы керек. Билер кесімі халық көңілінде күмән туғызбастай сенімді болуы шарт. Мысалы, Тана биге бата бергенде Малайсары би: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!», – деген екен. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан билерге қойылатын негізгі талап. Адам тағдырын қолына алған би шешім шығармастан бұрын, өзінің адам екенін, сондықтан да ұят, борыш, обал деген сөздердің мәнін ұмытпауы тиіс. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Төле би бабамыздың кесімді сөзі бүгінгі күнге дейін кез келген судья үшін берік ұстаным. Би істің ақ-қарасын анықтамай, туғанына тартып тұрса, оның әділдігі қайсы. Биде туған болмау керек деген осы.

Қазақтың біртуары, халық батыры, Ұлы Отан соғысында жасаған ерліктерімен аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы: «Әділін сұраса, атаңның болсын айыбын айт», – деп, әділдіктің ақ жолын ту етеді. Қай елді, қай заманды алсаңыз да, сот жүйесіне қарап, қоғамдағы билік жайы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы пікір қалыптасады. Міне, осыларды саралай келгенде айтарымыз, ежелгі антикалық дәуірден бері жалғасып келе жатқан билер дәстүрі заман өзгерген сайын, өзгеріп, жаңарып отырғанымен, негізі, міндеті, талаптары сол қалпында. Қазақ елінің мем­ле­кеттік құрылым жүйесінің, Ата Заңының, құқықтық мәде­ниетінің қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан билердің орны қашан да биікте дейміз.

Заңды білу - заман талабы. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет кұру идеясын жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын жете білуі, соған сай сана - сезімдерін қалыптастыру керек. Азаматтың міндеті - заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз - өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы - адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттары - қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.

Ата заң - мемлекеттік құрылыммен қатар жариялы - билік институтын белгiлейтiн ереже ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің қандай кұндылықты сақтау керек екендiгiн айқындайтын басты құжат. Конституция қағидаларын жүзеге асыру қоғам мен мемлекеттің өсiп - өркендеуiне, адам құқығының сақталуына, бiрлiк пен тұрақтылыққа жол ашады.

Тарих өткенді саралап, келер уақытқа өнеге қалдырады. Қазақстанда конституциялық құндылықтардың дамуының өзiндiк тарихи жолы бар.

Қазақ хандығы құрылғаннан бастап ұлтымыз жан - жағынан қаумалаған жаулардан қорғана отырып, дербес, қуатты да тұрақты мемлекет болуға тырысты. Алтайдан бастап Арқа асқан, Жайыққа жеткен ұлан - ғайыр жерiмiз сол күрестiң нәтижесi. «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» қағидасымен дамуды көздеген бабаларымыз «Тәртiпке бағынған құл болмайды, тәртiпсiз ел болмайды» деген дала заңымен, салт - дәстүрiмен өмiр сүрді«Қасым ханның қасқа жолы», «Есiм ханның ескi жолы», Тәуке ханның «Жетi жарғысы» сынды дала заңдары осыны меңзейдi. Елбасы Н. Назарбаев бұл құжаттарды бiрлiк арқылы дербес мемлекеттiкке жол салған қазақ халқының арманын меңзейтiн құқықтық тарих ретiнде бағалады

Тарихқа көз жүгіртіп, бүгінгі күнге дейін жүріп өткен құқықтық жолымызға көз салып көрелік. Қазақтың дәстүрлі құқығы өте құнды рухани мұра. Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып отырған. Ұрпақтан - ұрпаққа жеткен. Қазақтың дәстүрлік құқығы дәстүрлік әдет - ғұрыпқа негізделген, соның негізінде қаланатын материалдық әрі сот ісін жүргізу нормалары бар заң жиынтығы еді. Қысқа, оңай есте қалатын, сонымен бірге ұтымды сөз тіркестерінен құралған заң жүйесі. Дала заңдары аталған:

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» бүгінде Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтасып жатқандай. Қазақ халқының ел басқару мен заң шығару, сот ісін әділ жүргізу бағзы замандардан қалыптасқан. Көшпелі қоғамның құқықтық өмірінің ұзақ тарихы бар. Ол көшпенділер тарихының көне дәуірлерінен бастау алады. Көшпелі қоғамдағы құқықтық өмірдің құпиясы оның адами ажарында, рухани келбетінде, шешендік өнерінде жатыр. Сот билігі қазақ даласында кең тараған дамыған мемлекеттік биліктің формасы. Қазақ қоғамында сот билігі хан билігінен жоғары тұрды. Себебі, дала даналары ой - өрісі, білім парасаты мен қарағы шарапаты тұрғысынан жаһан ғұламалары Аристотель, Конфуций, И. Кант, Ж Ж Руссо секілді адамзаттың адал перзенттерімен тең дәрежеде тұрды. Сондықтан да, халық оларды «дала даналары» деп ардақтады.

Әдет - ғұрып құқығы құқықтық жүйенің тарихи тұнғыш түрі. Ол сол қоғамдағы құқықты, өзінің ішкі мәні мен мазмұны, сыртқы түр сипаты, іс - қимылды реттеу, жалпы болмысы адамзат мәдениетінің ерекше туындысының көрсеткіші. Қазір осы әдет заңдарын іздестіру, жинау, жүйелеу және зерттеу ісіне көңіл бөлінуде. Қазіргі атақты ғалым - заңгерлеріміз С. З. Зиманов, Ғ. С. Сапарғалиев, Н. Өсерұлы, М. С. Нәрікбаев, З. Ж. Кенжалиев т. б. Көптеген ғалымдар қазақтың ата заңының бастаулары мен қайнар көздерін тереңнен зерттеуде.

Осылайша халқымыздың құқықтық болмысын және мәдениетін толық игермей, оны өзіміздің мемлекетіміз бен құқықтық жүйеміздің алтын арқауы етпей Республикамызда құқықтық мемлекет құруымыз мүмкін емес.

Қазақтың көне құқығы, ұлан-ғайыр еркін аймақта орналасқан түркі тілді көшпелі өркениеттің туындысы әрі мәдени жемісі, әрі мәдени мұрасы. Қазақтардың құқықтық жүйесін әдет - ғұрып құқығы құрайды. Бұл жүйені «адат» деп атады. Адат заңдастырылған әдет - ғұрып нормалары. Бұл нормалар қазақ қоғамының барлық жақтарын реттеп отырды. «Адат» араб тілінде әдет - ғұрып деген ұғымды білдіреді.

«Адат» өте ерте кезден басталып, көптеген өзгерістермен және толықтырулармен қазақ қоғамындағы негізгі реттеуші нормалар ретінде 1917 жылға дейін созылды. Дегенмен "адаттың" құқықтық институттары ғасырлар барысында үлкен өзгерістерге ұшырамады. Қазақтардың әдет - ғұрып құқығы мынадай ерекше белгілермен сипатталады:

1. Рулық, патриархалдық әдет - ғұрыптардың ұзақ сақталуы. Мұндай ерекшеліктердің сақталуы заңды нәрсе. Ру қазақ қоғамының негізі болды. Ал рудың негізі патриархалдық отбасы болды. Қазақ отбасының басшысы немесе отағасы отбасындағы шешуші адам болды. Бұл ерекшеліктердің бәрі де көшпелі экономикалық қатынастардың бейнелері болып табылады.

2. Қазақ әдет - ғұрып құқығы барымта, қанға - қан, жанға - жан, әмеңгерлік, өз бетімен сот ұйымдастыру сияқты өтпелі институттардың сақталуын қамтамасыз етті. Бұл институттар қазақ қоғамында және оның құқықтық жүйесінде ерекше орын алды.

3. Әдет - ғұрып құқығы бойынша, қылмыстық істер мен азаматтық істердің арасындағы айырмашылықтарға ерекше мән берілмеді.

4. Жерге жеке меншік құқының болмауы; қоғам мүшелерінің құқықтық жағынан теңдігі қазақ аристократиясының (сұлтандар, билер, қожалар) артықшылығымен ұштастырылды.
Қазақ ақсүйектерінің, әсіресе сұлтандар мен қожалардың артықшылығы ресми заңдастырылды. Ал ел билеу ісі тек сұлтандардың үлесі ретінде рәсімделді. Мұндай тәртіпті қоғамдық пікір де мойындады.

5. Жазаның түрлері салыстырмалы түрде гуманистік сипатта болды.

6. Құқықтық жүйе мен оның нормалары демократиялық сипатта болды.

Ең басты нәрсе, сол принциптердің өз мәнін, мазмұнын жоймай іске асуы болатын. Айталық, қылмыс пен жаза саласында – қанды кек не құн төлеу қағидасы, неке саласында – жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы, сот саласында – әділдік, жариялылық, шешендік қағидалары. Әдет - ғұрып құқығы – құқықтық әдеттер жинағы ғана емес, ол қағида, көзқарас, ой түсінік жүйесі де болып табылады.

Қазақ хандығының құрылуына дейінгі ұзақ тарихи кезеңде ұлан-байтақ Орталық Азия өңірін мекендеген түркі тілдес ру-тайпалардың ортақ аумақта өмір сүріп, бірте-бірте бірігуі мен дамуы арқылы өз алдына қазақ халқы болып қалыптасу процесінің алғышарттары қалыптасты. Ежелгі заманның тарихи деректері бүгінгі қазақ ұлтының арғы тегі сақ, үйсін, ғұн және қаңлы тайпалары екенін көрсетеді. Жүргізілген ғылыми зерттеулер Қазақстандағы номадизм тарихы біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдан бастау алатынын дәлелдейді, осы кезеңде алғашқы этномәдени қауымдастықтар қалыптасып, олардың күн көрісі шаруашылық жүргізудің жаңа тәсілі – көшпелі мал шаруашылығымен байланысты болды .

Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: «Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық» – деуі орынды .

Бүгінгі археологиялық қазба жұмыстарының жәдігерлері, түрлі зерттеулер мен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қол жеткізген жетістіктері қазақ халқының тарихы үш мың жылдық тұңғиықтан бастау алатынын дәлелдеді. Сол сияқты, бізге де мемлекеттілік, заң мен демократия құндылықтары тек батыстық үлгіде ғана болады деген жаңсақ пікірден арылатын кез келді. Оның ішінде мемлекеттілік пен құқықтық жүйенің де ежелгі қазақ даласында өзіндік ерекшеліктері бар формасы болған.

Өткен тарихты таразыласақ, қазақ халқының өз мемлекеттілігін құру жолындағы саяси күресі сан ғасырға созылатын күрделі саяси процесс. Бұл мәселе қазақ халқын құрайтын ежелгі ру-тайпалар кезеңінен бастау алып, Қазақ хандығының құрылуы, оның дамуы, саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани байланыстары, иерархиялық қатынастары, өзінің саяси құндылықтар жүйесінің түзілуі, халықтың саяси мінез-құлқының, ұлттық психологиясының қалыптасу ерекшеліктері уақыттың қатаң сынақтарынан өтті. Бұл орта ғасырларда да солай болған, қазіргі кезеңде де тәуелсіз Қазақстан Республикасы сан алуан қиындықтарды жеңе отырып, тұрақты даму үстінде.

Қазақтардың тұтас ұлт, өзіндік ел халқы ретінде пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың кең-байтақ аумағындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық процестердің даму қорытындысы болды. Аралас экономика — көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшылық қалыптасқан өлкелердің табиғи интеграциясы негізінде XІV-XV ғасырларда тұтас экономикалық аудандардың құрылуы аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай туындатты. Аймақтың көшпелі және отырықшы халқының экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы қазақ рулары мен тайпаларының этникалық жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзінде аяқталуына себепші болды. Өз кезеңінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы шеңберінде жергілікті этникалық негізде мемлекеттің даму тәжірибесі қалыптасып жатқан біртұтас халықтың саяси жағынан бірігуі қажет екенін түсінуіне жәрдемдесті.

Қазақ хандығы құрылуының алғышарттары осы жағдайлар болды. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, қазақ мемлекеттілігі Ақ Орданың өзінде-ақ қалыптасқан. Ақ Орда мемлекетінде, Әбілқайыр хандығында, Ноғай Ордасы мен Моғолстанда мемлекеттік даму, шаруашылық, мәдениет саласында монғолдар жаулап алуының теріс саяси зардаптарын біртіндеп жоюмен қатар, XІV-XV ғасырларда қазақ халқының одан әрі бірігу, топтасу процесі жүріп жатты. Нәтижесінде, Әбілқайыр хандығынан көптеген көшпенділер, соның ішінде 200 мың адамнан тұратын қазақ руларының өкілдері Жәнібек пен Керей маңына жинала бастады. Сондықтан да, жалпы танылған және тарих ғылымындағы дәлелді деректерге сәйкес, қазақ халқының түрлі мемлекеттік бірлестіктерге бытырап, саяси бөлшектелуін жоюға әрекет жасау Жошы ұрпақтары - Жәнібек пен Керейдің үлесіне тиді.

Жәнібек пен Керей ханнан кейін хандықта аса ықпалды екі саяси тұлға пайда болады: біріншісі – Керей ханның ұлы Бұрындық хан, екіншісі – Жәнібек ханның ұлы – Қасым хан. Осы екі саясаткердің бақталастығы нәтижесінде жігерлі Қасым сұлтан жеңіске жетіп, беделінен айырылған Бұрындық хан 1511 жылы маңайындағы бір топ адаммен Мәуераннахрға кетеді. Осылайша, XVІ ғасырдың екінші онжылдығында Қасым хан қазақтың кең-байтақ далалық жеріне өзінің билігін нығайтты. Хан билігі оның кезіндегідей ешбір хандықта берік болмаған, қазақ хандарының ешқайсысы Қасым хан сияқты өз билігіне халықты тұтас біріктірмеген, халқы бір миллионнан асқан. “Қасым ханның қасқа жолы” деген атпен белгілі заңдар жүйесінің жасалуы Қасым ханның есімімен байланысты. Қасым хан тұсында қолданыста болған құқықтық жүйе өзінің бастауын тарих тұңғиығынан алып, ауыз әдебиетінің көмегімен есте сақталған нақыл сөздер түрінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен, дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі болып табылатын әдет-ғұрыпқа негізделді.

 Зерттеушілердің жалпытанылған пікірі бойынша «Қасым ханның қасқа жолы» туындауына алғышарт болған жағдайлар:

1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;

2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;

3. Хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты;

4. Ел халқының саны бірнеше есе өсті;

5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрыпзаңы толықтай жауап бере алмайтын еді.

Яғни, қазақ халқын құрайтын түрлі ру-тайпалардың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігін реттеп келген әдет-ғұрып нормаларының “Қасым ханның қасқа жолы сияқты” бір жүйеге келтірілуі өз кезегінде бір орталыққа біріккен мемлекеттілік орнауының жемісі, нағыз саяси билік қызметінің нәтижесі деп айтуымызға толық негіз бар. Осылайша, қазақтардың әдет-ғұрып құқығының нормалары “жол” деген атпен тарихта мәңгі сақталып қалды.

Ж. Кенжалиевтің пайымдауынша, «жолдар» — көшпелі қоғамдағы орталық мемлекеттік биліктің жеке-дара дербестенуінің бір көрінісі, оның қалыптасқан құқықтық мәдениеті жаугершілік, әскери заманға сай бейімдеп пайдалануға талпыныс жасаудың нышаны. «Жолдардың» пайда болуы мемлекеттік билікті, елді басқару ісін, қоғамдық қатынастарды реттеу мәселесін жаңа негізде — құқықтық-мәдени арнада және сатыда құруға батыл қадам жасағандығының айғағы.

Қазақтың әдет-ғұрып заңдары орта ғасырлардағы ислам дінін ұстанатын Араб, Шығыс және Орта Азияның елдеріндегі жаппай қолданыста болған шариғат заңдарынан мүлдем бөлек болды. Басқаша айтсақ, қазақ халқының әдет-ғұрыптық жолдары мен құқықтық жарғылары ерекше тарихи кезеңнің, әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістердің туындысы еді.

Ә. Марғұлан Қасым ханның ел басқару ісінде қолданған әдет-ғұрып заңдарының ерекшеліктерін төмендегідей ашып көрсетеді. Біріншіден, өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери диктатура арнасына барып тіреледі. Екіншіден, мал шаруашылығымен айналысатын қазақ бұқарасына исламдық шариғат қағидаларын толық ұстану қиынға соғып, оған селсоқ қарап, ойыса қоймайды. Сондықтан шариғатты кіргіземін деген хандарға халық бұқарасы қатты наразылық білдіріп, кейде ол көтеріліске ұласып отырған. Бұл ерекшеліктерді жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының, көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғат заңын үгіттеген Бұхар ишан-қазыларының тіміскілеуін тойтарды. Сөйтіп, халықтың тілегіне жақын, әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі «Жарғы» заңын жаңадан күшейтті. Қазақ хандығының заңдары «жарғы» деп аталды. “Негізі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстарында қолданған ярғұ заңынан алынған. Қазақша “жарғы” әділдік деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудырмай, дәл, әділ айырудан шыққан.

Халық Қасым ханнның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы — Жарғыны жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті.

 Бұл заңға енген ережелер: 1) Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері); 2) Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза); 3) Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат); 4) Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынасында сыпайылық, әдептілік); 5) Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіңдегі ережелер, жасауыл, бөкеуіл, тұтқауылдардың міндеті). Ереже заңдары өзгеріссіз XVІІ ғасырға жетіп, Есімнің кезінде (1598-1645) «Есім салған ескі жол» («Есім ханның ескі жолы») деп аталады.

Түркістанда билік еткен Есім ханның тұсында Тұрсын, Абылай, Ханзада сұлтандар басқарған өзара бақталас саяси топтар пайда болды. Ташкентте Ақназардың немере інісі Тұрсын Мұхаммед өзін хан жариялады. Үш жүздің әр қайсысында бірте-бірте дербес хандар пайда болды.

Ішкі саяси тұрақсыздық жайлаған қазақ хандығын қайтадан қалпына келтіру ісі орындалуы қиын саяси міндетке айналды. Осындай алмағайып кезеңге қарамастан, Есім хан хандықтың құқықтық жүйесін жетілдіруге талпынып, өзіндік бір құқықтық реформа жасайды. Бір ғасырдай уақыт бойына қолданыста болған “Қасым ханның қасқа жолы” Есім ханның тұсында тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, «Есім ханның ескі жолы» деп аталған құқықтық нормалар жүйесі тарих сахнасына шығады.

Ел ауызында сақталған аңыздар мен тарихи деректерге қарағанда, Есім хан билік құрған кезеңде «қасқа жолға» қосылған жаңалықтар:

Хан болсын, ханға лайық заң болсын,

Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын.

Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын,

Би болсын, би түсетін үй болсын — деген ережелер екен.

Бұл Қазақ хандығы құрылысының саяси-әкімшілік, әскери, рухани және сот істері жөніндегі негізгі заң сипатындағы төрт тұғыр екені байқалады. «Ескі заң» деп аталуына қарағанда, бұл ережелер бұрыннан келе жатқан дәстүрлі бір жүлгемен жасалған болуы да ықтимал.

Есім хан бұрыннан келе жатқан жол-жоралғыларды бір ретке келтіріп, заман ыңғайына қарай оның бойына жаңа нәр береді. Сондықтан да ол халық жадында“ескі жол” ретінде бекиді. Б.Ж. Қуандықов аңыздар мен деректерді саралай келе, “ескі жолда” сол кезеңге дейінгі қазақ еліндегі заңдарға мынандай толықтырулар мен түзетулер енгізілген деп пайымдайды:

1) Елдік тәртібіне қатысты жоралғылар (хан пәрменіне, батыр, абыз ісі, би
мәртебесі);

2) Құн тарту жоралғылары (өнер құны, сүйек құны және құн ісін жайғастыру);

3) Жесір ісіне қатысты жоралғылар (әмеңгерлік және жесір дауын шешу жолы);

4) Жаза белгілеу жоралғылары (жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы және оны тарту тәртібі). 

Бұл сол кезеңде шақырылып тұратын «Билер Кеңесінің» талқысынан өтіп, бекітілген. Аталған жол-жоралғыны түзуде Есім ханның әкесі құрметтеген Досмұхаммед, Жиенбет, Монтай билердің еткен еңбегі ерекше болған.

Есім хан қайтыс болған соң хандық әлсірей бастады. Ташкент пен Әндіжан аймағын Абылай сұлтан биледі. Есімнің орнына билікке Жәңгір хан(Салқам Жәңгір) келді. Жәңгір хан Бұхара хандығымен тығыз байланыс орнатты. XVІІ ғасырдың 1-жартысындағы жоңғар шапқыншылықтары қазақтардың, қырғыздардың, ноғайлардың, башқұрттардың, қарақалпақтардың қалыптасқан шаруашылық аудандарын қатты күйзеліскеұшыратты.

Хандық билік 1680 жылы Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Тәуке хан өкіметтің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шаралар қолданды. Үш жүздің басын біріктіруде билер кеңесі шешуші рөл атқарды. «Жеті жарғы» деген атпен белгілі құқық нормаларының жинағы құрастырылып, негізгі шарттары белгіленді. Әрине, қазақы далалық демократияның құқықтық негізіне айналған «Жеті жарғы» дәл қазіргі кездегі конституция сияқты жалпы мемлекеттік кешенді сипатта болған жоқ, ол өзінің дәуіріндегі көшпелі қоғамның жалпы және ерекше құрылысына толық сәйкес келетін құқықтық норма еді.

Әсіресе, Тәуке ханның  «Жеті жарғысы» қазақ хандығының саяси, әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық қағидаларының конституциялық негізіне айналып, өзінің тәжірибелік икемділігі мен қолданыстағы өміршеңдігін көрсетті. “Келісіп пішкен тон келте болмайды” деген ұстаныммен әзірленген заңнама ханның да қара халықтың да көңілінен шығары ақиқат. Осы қағиданегізінде халық арасынан шыққан дарынды билер, ел қорғауда ерлік танытқан батырлар қоғамдық диалогқа тартыла бастады. Мемлекеттік басқару институтының құрамында айтулы өзгерістер болды, яғни, саяси жүйесінде үлкен құқықтарға ие болумен қатар, ішкі және сыртқы саясатты жүргізуде ерекше ролге ие «Билер кеңесі» енгізілді. Ханның қасындағы ақыл-кеңесшілік органға айналған «Билер кеңесі» түйінді саяси шешімдерқабылдауға құзырлы сайланбалы алқалық орган ретінде өзінің қызметін тұрақты атқарып отырды. “Ханда қырық кісінің ақылы бар” деген сөз сол кезде туындаған, ал “Билер кеңесінің” құрамы қажет болған жағдайда кеңейтіліп отырған. Елдегі дауларды шешуде, қылмыстық әреке жасаған адамдарды жазалауда, әділ сот жүргізуде, рушылдықты тежеуде де билердің алқасы үлкен роль атқарды. Сол себепті де жарғының әрбір тармағы Күлтөбенің басында өткен кеңесте талылынып, үш жүздің ойшыл саңлақ билері — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің бастауымен хан қасындағы қырық рудан жиналған «Билер кеңесінің» талқылауынан өтті. Ал «Билер кеңесі» дегеніміз қазіргі кездегі парламенттің үлгісі іспетті өкілдік институт еді. Басқаларын айтпағанның өзінде, «Жеті жарғы» қазақтарда демократияның далалық үлгісі болды деген тұжырымды нақты дәлелдейді.

«Жеті жарғы» бір жағынан Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолы» заңдарының замана талабына сай қайта толықтырылған, елеулі өзгерістер енгізіліп, дамытылған туындысы іспетті. Ал жаңадан қосылған екі тарау жесір дауы мен құн дауына қатысты болды. Бұл кезде Қазақ хандығының шығыс жағындағы жайылымдарды ойрат-жоңғарфеодалдарының басып алуына байланысты жердің тарылуы, малжайлылымдарына таласқан жанжалдардан адам өлімінің жиі болуы себепті жер дауын мүлік заңынан, құн дауын жалпы қылмыс заңынан бөліп алып, жеке-жеке тарау енгізуге тура келді.

Жаңа мемлекеттің құқықтық негізіне айналған «Жеті жарғы» далалық демократияның рухына сай Ата заң болды. Бұл қазақ халқына тән дәстүр сабақтастығын басшылыққа алған, елдің саяси өмірі мен бұқара халықтың тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктеріне сай бейімделген салиқалы заңнама ғана емес, ел ынтымағы мен бірлігін көздейтін саяси идеологияның құқықтық негізі еді. Қазақ хандығы үшін зор маңызы бар осы тарихи құжаттың астына ұлттың барлық игі жақсылары топтасты, барша халық мойындап, бірауыздан басшылыққа алынды. Бұл тұрғыда «Жеті жарғыны» бүкіл ел болып мойындап, күнделікті өмірде кеңінен қолдануын демократияның алтын заңына айналған легитимділіктің жарқын көрінісі десек те болады.

С. Созақбаевтың зерттеуіне сүйенсек, «Жеті Жарғы» өзінің бабтарында «қылмыс»  деген ұғымды ешқандай мазмұнда түсіндіріп, мәнін ашыпкөрсетпейді. Бекітілген нормаларда тек қазақ қоғамының әлеуметтік практикасында жиі-жиі кездесетін зиянды қимыл-әрекеттердін аттары аталып, оларға қолданылатын жазалардың түрлері көрсетілген. Негізінде «Жеті Жарғыда» мынандай қылмыстардың құрамдары беріледі: кісі өлтіру, ұрлық, тонау, бүлік шығару, әйелдің ерінің көзіне шөп салуы, денеге, мүшеге зақым келтіру, әйелді зорлау, әйелді алып қашу, экзогамиялық табу, күйеуі бар әйелмен көңілдес болу, тәңірге тіл тигізу, христиан дініне өту, сияқты әрекеттерді жауапқа тартуды көздейді. Қылмыс істеген адамдарды қылмыскер деп танымайды, керісінше оларды «жын соққан», «пері соққан», «құдай атқан» деген мағынада бағалайды, қылмыскерді «күнәһар» деген ұғыммен алмастырып қарайды. “Жеті Жарғының” негізгі талаптарының бірі — жасаған қылмыстық әрекетіне сай жаза тарту, яғни талион принципі (қанға қан, жанға жан). Бірақ талион принципі “Жеті Жарғыда” бекітілгенімен, онша дамыған жоқ, керісінше жаза қолданудың негізгі формасы ретінде мүліктік композиция – құн төлеу қалыптасты.

Тәуке ханның «Жеті Жарғысында» қазақ қоғамының мемлекеттілік құрылымы, өкіметтің қалыптасуы, хандарды сайлау тәртібі сияқты мемлекеттік құқықтың институттары бекітілмегенімен, оның кейбір бабтары жас қазақ мемлекеттілігінің құрылымын қорғауға және оның территориялық тұтастығын, ұлттық бірлігін сақтауға бағытталғанын да айта кеткен жөн.

Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы терең және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормаларыұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. Яғни, әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмыстың туындысы болды.

Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормаларыұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. Яғни, әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмыстың туындысы болды.

Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билер белсенді ықпал етті. Шын мәніндегі би атанған кісілер – қазақ халқының тарихында қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлғалар, өз заманында халық би деп танығандар – шешендігі мен әділдігі зор қоғам қайраткерлері еді.

Қазақтың әдет-ғұрып нормаларының тағы бір артықшылығы, қолданылатын жазалардың тым қатал емес, яғни ізгіленгенінен айқын көрінеді. Сондықтан да болар, қазақ даласында түрме, абақты, бас бостандығынан айыру деген жазалау шаралары болмаған. Оның есесіне «қанға қан»  ұстанымының орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылған. Құн төлеу негізінде кісі өлтіргені үшін немесе адамның дене мүшесіне жарақат түсіргені үшін белгілі бір мөлшерде моральдық-материалдық төлем ақы төлеу ұстанымы жатыр.

«Жеті Жарғыға» сай қазақ билері құқық бұзушыларға жаза белгілеуді жасаған қылмыстың ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы деп белгілеген. Даулы істің қаралуы екі сатығабөлінген: біріншісі, екі дауласқан жақ билердің істі қарауына дейін, өзара келісім дауды шешуге қимыл-әрекет жасайды. Әдеттік құқықта оны «Бітім», «Береке», «Салауат» деп атаған. «Бітім» — екі жақтың өзара келісімі арқылы, сөз жүзінде даудың аяқталуы. «Береке» — айырбас, немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасау. «Салауат» — немесе кешірім, — дауласқан екі жақтың бір-біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни кешірім беруі.Тәуке хан заманынан бастап қалыптасқан тағы бір институт — «Жүгініс» — яғни рулар арасында болған даулар мен қақтығыстарды билердің алқалық құраммен қарауы.

Қазақ халқы үшін әділдіктің тең таразысы бола білген билер қоғам өмірінің саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әскери-дипломатиялық салаларына тығыз араласып, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлестерін қосты. Бүгінгідей ғаламдану мен батыстық сарындағы арзанқол бұқаралық мәдениетке еліктеу заманында өзіміздің осындай асыл мұраларымызды жас ұрпаққа жеткізу, түсіндіру мен насихаттау күн тәртібінен түспейтін мәселе болып қала бермек.

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат - Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан он алты жыл бұрын, 30- тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 16 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі - Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 16 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.

Тарихқа кері шегінетін болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», - деп жазады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы  қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Алғаш қабылданған 1993 жылғы Конституцияның мәні мен маңызына  келетін болсақ, бұл Негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі - мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден - экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден - жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден - ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету. Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабында жазуына қарағанда, жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияның жобасында барынша қамтылмады. Президент бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын жазады. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң - Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

Күні кешегі тарихи оқиғаларқа жүгінсек, жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді. «Біз үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әр түрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені - тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын - ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет  құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», - деп жазады Елбасы кітабында. Сөйтіп, Тұңғыш Президенттің өзі ынталылық жасап, сол кездері Еуропа мен Азияның,  Солтүстік Латын Америкасының барлығы 20-дан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап шықты. Сосын 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалаған еді. Ендеше 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторы  - Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаев деп толық сеніммен айтуға да болады.

Шындығында, 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген  Негізгі заң да осы - 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», - деген болатын.

Ал бүгінгі Ата заңымыздың басты ерекшелігі қандай? Осы мәселеге тереңнен үңілетін болсақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл бұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымда жатқандығын алға тартады. «Расын айтайын, бұндай позицияларды енгізуге сол кезде бірқатар заңгерлер де қарсы болған еді. Өйткені, әлем елдері конституцияларының кіріспесінде бұндай баптар жалпы кездеспейді.  Ал жаңағы төрт ұстанымға келетін болсақ, бұл біріншіден - қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден - экономикалық даму, үшіншіден - қазақстандық патриотизм, төртіншіден - маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Міне, осы төрт мәселе біздің республикамыздың негізгі принциптері болып саналады. Осы төрт мәселені Ата заңымыздың бірінші бабында енгізу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алдық», - дейді депутат. 

Кейіннен 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.

Сонымен биыл 16 жасқа толған Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап - Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл бойғы дамуындағы бүгінгі жетістіктерінің баршасы Ата заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Конституция 20 жылдық тәуелсіз дамуға сеп болып қана қойған жоқ, Құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа талай қызмет етіп,  демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болып қала бермек. Осы тұрғыдағы ойымызды Елбасының сөзімен аяқтасақ: «Конституцияны қатаң ұстану  - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары