$ 498.34  519.72  4.85

Еліміздің құқықтық жүйесінде ауқымды өзгерістер болады

Парламенттің бесінші сессиясында «100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларына басымдық беріледі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында сессия жұмысын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

Бесінші шақырылымның төртінші сессиясын қорытындылап, баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы алдағы уақытта заң шығару билігінде толайым жұмыстар күтіп тұрғанын алға тартты. «Ең бірінші кезекте парламенттік заң шығару қызметі Мемлекет басшысы жариялаған Бес институционалдық реформаны заңнамалық қамтамасыз етуге басымдық береді. Әлбетте, осыған байланысты еліміздің құқықтық жүйесінде ауқымды қайта құрулар күтіледі. Бесінші сессия басында Парламентке «100 қадам»  Ұлт жоспарын жүзеге асыру жөніндегі Жаңғырту комиссиясы ұсынған заң жобаларының топтамалары келіп түсетін болады. Бұлардың бәрі басым тәртіппен қаралуы тиіс әрі бізден саяси жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді», - деді Қ. Жақыпов. 

Бүгінгі таңда адамзат үшін ең басты мәселе – қауіпсіздік. Қауіпсіз елдің азаматтары мемлекеттік билікке үлкен сенім артады. Соның арқасында бейбіт өмір, тыныш тұрмыс, әр адамның әл-ауқатын арттыратын адал еңбек іс жүзіне асады. Ал әр адамның Ата Заңға сай осы айтылған талаптар аясында қорғалуын нақты сезіне білуі, ең алдымен, соттардың қызметіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Өйткені, олар халықтың мемлекетке деген сенімін қалыптастырып, биліктің беделін нығайтуға үлес қосады.

Алайда, судьялардың орынсыз бір қателігі мемлекет ісіне үлкен нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Міне, осы орайда кеше еліміздің Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми республика соттарының үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңесті ашып, онда алда тұрған зор міндеттерге тоқталды.Кеңесте Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде сот жүйесін одан әрі дамытудың нақты іс-шараларын талқылауға басымдық беріліп, ағымдағы жылдың алты айы бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары мен біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мәселелері назарға алынды. Қатысушылар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберіндегі сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді жаңғырту мәселелеріне ерекше мән берді. Олардың алдында сөйлеген сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «Өткен жартыжылдықта республикадағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары сот төрелігінің сапасы мен істерді қарау мерзімдерін сақтаудың тұрақты көрсеткіштерін айқындап берді. Осы ретте, республика бойынша шығарылған барлық сот актілерінің 98,6 пайызы заңды әрі негізді деп танылды», деді. Расында, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында БҰҰ Даму бағдарламасы құқықтық саясатты зерттеу және Қоғамдық пікірді зерделеу институттарымен бірлесіп жүргізген тәуелсіз әлеуметтік сауалнама қорытындысында сот корпусының біліктілігі мен кәсібилігінің жоғары деңгейі атап өтілген көрінеді. Зерттеу аясында республикадағы 193 аудандық және оған теңестірілген соттарда сот процестеріне тікелей қатысқан 12 206 респондентке сұрау салынған екен.

Сөйтіп, осы зерттеу нәтижесінде, респонденттердің 80 пайызы судьяларға сенім білдірген, сұрау салынғандардың 83 пайызы судьялардың сот талқылауына дайындық деңгейіне қанағаттанушылық танытқан. Жалпы алғанда, респонденттердің 71,3 пайызы соттар жұмысына қанағаттанушылық білдірген. Бұл орайда, яғни судьялар жұмысының сапасын бағалау барысында сарапшылар сот төрелігінің тиімділігі мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссияның, сондай-ақ соттар қызметін жетілдіру жөніндегі халықаралық консорциумның әдістемелік ұсынымдарын басшылыққа алыпты. Азаматтық істер бойынша сот әділдігін атқару және бірыңғай сот практикасын қалыптастыру жөніндегі жұмыс туралы Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е. Әбдіқадыров айтып берді.

Оның айтуынша, Жоғарғы Сот сот практикасын зерделеп, оның қорытындысы бойынша түзетулер беріп отырады. Тиісті нормативтік қаулылар қабылдайды. Заңнамаларды жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды енгізеді. Осы айтылғандарға сәйкес, Жоғарғы Сот алғашқы жартыжылдықта барлық санаттағы істерге қатысты сот тәжірибесін ауқымды түрде зерделеуді ұйымдастырған. Сот істерінің электронды жіктегіші құрылыпты. Қазіргі күні соған сәйкес істер санаты бойынша барлық сот актілері жүйеленіп, сондай-ақ қалыптасқан тәжірибе негізінде қорытулар жүзеге асырылады екен. Бұл орайда соттардың заң нормаларын біркелкі қолдануын қамтамасыз етуге арналған шаралардың уақтылы іске асырылуы –Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында алға қойған міндеттерді табысты іске асырудың оңтайлы жолы. Осыған орай Жоғарғы Соттың ішкі порталында сот тәжірибесіне қатысты жүргізілген қорытуларды жариялау, талқылау және түсініктеме беруге бағытталған «Қорыту форумы» атты жаңа қызмет енгізілген. Келешекте бұл қызмет сот процесінің барлық қатысушыларына қолжетімді болады деп күтілуде. Өйткені, бұл амалдар 2016 жылдан бастап судьялардың Ұлт жоспарына сәйкес жүргізілетін реформалар шеңберінде жаңғыртылған заңнама жағдайында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деген сенім бар. Сондықтан да бұл шара Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің стандарттарына сәйкес еліміздің сот төрелігі жүйесін жаңғырту туралы Президенттің тапсырмаларын іске асырудың нақты қадамдары болып табылады.

Соның тағы бір көрінісіндей, елімізде түрмедегілер санының азаю үрдісінің орын алып отырғандығы анық байқалатындығы да айтылды. Мысалы, бас бостандығынан айырылуға сотталғандардың үлес салмағы өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 11,5 пайызға азайған. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау мен қамаққа алудың баламалы бұлтартпау шараларын қолдану өткен жартыжылдықта елдегі сотталғандар санын шамамен 44,5 мың адамға дейін азайтуға мүмкіндік беріп, осының нәтижесінде ал­ғаш рет Қазақстанның түрме рейтингі 6 позицияға (41-ден 47-орынға) жақсарған.

Дегенмен, Мемлекет басшысының Қазақ­станды түрме халқы индексі бойынша көш бастаған 50 елдің қатарынан шығару туралы тапсырмасын орындау үшін тұтқындар саны шамамен 41 мыңға дейін азаюы тиіс. Бұл бағытта Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Бас прокуратураның қамауға санкция беру туралы соттарға түсетін өтініштер санын қысқарту бастамасын қолдайтындығын жеткізді. Өйткені, қадағалаушы органның деректеріне сүйенсек, қамау саны төрт есеге дейін азайған. Осы ретте кепілді қолдану тәжірибесі кеңейтілген. Шара аясында Жоғарғы Сот судьясы, Сот жүйесін жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия тобының мүшесі Ақылтай Қасымов: «Біз ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Жоғарғы Сот төрағасының бастамасымен ауқымды шараларды жүзеге асырудамыз. Соның ішінде барлық облыстар бойынша шолу жасалып, қателікке бой алдырған кейбір судьялардың әрекеті алдағы уақытта қайталанбау үшін арнайы талқылаулар ұйымдастырылып, қорытындысында нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы міндеттеген бес халықтық реформа аясында сот саласындағы заңнамалық тәжірибеде жоғары біліктілікті арттыру мақсатында үлкен жобалар атқарылу үстінде.

Оған қоса біз еуропалық стандарт пен олардың тәжірибесін зерттеп-зерделеуге бетбұрып жатырмыз. Ал енді осы еуропалық үлгіден өз ісімізге қатысты не аламыз деген мәселеге келсек, бұдан былай қызметіміз үш сатылық деңгей құрылымына негізделеді деп күтілуде. Яғни, алдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап Жоғарғы Соттың құзыретінен «Бақылаушы» сатысы заң аясында алынып тасталып, «Кассациялық сот» жүйесі Жоғарғы Сот құрамына көшіріледі. Сөйтіп, облыстық деңгейде «Аппеляциялық» деп аталатын бір ғана сатылы сот жүйесін қалдыратын боламыз. Қазіргі кезде облыстық деңгейде екі сатылы сот жүйесі болғандықтан, ел арасында бұл қызметке күмән келтіріп, күдікпен қарайтындар бар. Міне, елдегі сот қызметін еуропалық стандартқа сәйкестендіру арқылы, біз өз қызметімізде осындай жаңашылдықтар енгізуді көздеп отырмыз», – деді. Осыған орай кеңес шеңберінде судьялардың әлі күнге дейін кінәлаушылықтан арыла алмай келе жатқандығы айтылды. «Жұмыс тәсілін өзгерту керек. Ақтау үкімдеріне қорқынышпен қараудың қажеті жоқ. Бұл дамыған шетелдердің күнделікті қолданатын тәжірибесі және біз де халықаралық стандарттарға сәйкес болуымыз керек», – деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

Қазір реформалардың негізгі тұжырымдары Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда, үш сатылы сот жүйесіне көшу, Жоғарғы Сотта инвестициялық істер жөніндегі мамандандырылған алқа және Халықаралық консультативтік кеңес құру, судьялыққа үміткерлердің жасына қатысты қойылатын талапты арттыру, үміткерлер үшін сот ісін жүргізуге қатысты бес жылдық жұмыс өтілінің болуы туралы талапты енгізу, жеке кепілдік беру институтын іске қосу, сондай-ақ жаңадан тағайындалған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімін енгізу жоспарланып отыр. Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы алдағы уақытта атқарылуы тиіс бірқатар нақты міндеттерді айқындап берді. Солардың қатарында: жалпы отырыстардың және болашақ судьялардың тұлғалық қасиеттерін бағалайтын Қоғамдық кеңестердің қызметін жақсарту, жұмыс істеп жүрген судьялардың қызметін бағалау әдістемесін әзірлеу, қадағалаушы сот сатысын кассацияға ауыстыруға және Жоғарғы Сот алқаларындағы судьялар санын арттыруға байланысты ұйымдастырушылық, рәсімдік мәселелерді пысықтау секілді тапсырмалар бар. Қ.Мәми сот құрылысының жаңа құрылымын құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Кеңес барысында алға қойылған міндеттерді іске асыру айрықша бақылауға алынбақ. Оларды орындау нәтижелері ағымдағы жылдың қорытындысында қаралмақ көрінеді. Ал аталған іс-шараға Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Ә.Рақышева, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ж.Асанов, Жоғарғы Сот судьялары, облыстық сот төрағалары және оған теңестірілген соттардың алқа төрағалары, Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департаменттің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ, оның аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары