$ 498.34  519.72  4.85

ҚР ІІМ Алматыдағы үш адамның өмірін жалмаған жол апатын өз бақылауына алды

Алматыда үш бірдей адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты тергеуді ҚР Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды деп хабарлады министрліктің ресми өкілі Алмас Сәдубаев.

Еске салайық, 29 желтоқсан күні таңертең Mercedes-Benz Gelandewagen жол талғамайтын автокөлігі бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанына қарамастан аса жоғары жылдамдықпен қиылыстан жүйіткіп өтпек болып, Mitsubishi автокөлігін соққан болатын. Соққының қатты болғанынан зардап шеккен көлікте отырған төрт адамның үшеуі қайтыс болды. Олардың бірі көлік жүргізушісі болса, екеуі жолаушы. 

Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушылары оқиға орнынан қашып кеткен. Күні кеше Алматы қалалық полиция басқармасы қашқан жүргізушінің ұсталғанын айтты. Алайда, күдіктінің кім екенін жариялаған жоқ. Бұл өз кезегінде қоғам белсенділерінің наразылығын тудыруда. Экс-депутат және ҚР БҒМ бұрынғы вице-министрі Мұрат Әбенов, журналист Гүлжан Ерғалиева сынды азаматтар жол апатын жасаған жүргізушінің ықпалды адам болуы және жазадан сытылып кетуі мүмкін екенін жазуда.

Алайда, ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев министрлік аталған істі өз бақылауына алғанын мәлімдеді. 

"Марқұмдардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Ал, жарақат алған науқастың тезірек жазылып кетуін тілеймін. Тергеу бөлімі жол апатын жан-жақты тексеру үстінде және оған күмән келтіретін ешқандай себеп жоқ, іс бақылауда", - деді Сәдубаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары