$ 494.87  520.65  4.91

Зорлық жасағандарды мерзімінен бұрын босату бабын заңнан алып тастау керек: Мәжіліс депутаты

ҚР Бас прокуратурасы, «NurOtan» партиясының қоғамдық ұйымдар мен адвокаттардың қатысуымен өткен жиында Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев зорлау қылмысын орта ауыр қылмыстан ауыр қылмыс түріне ауыстыруды ұсынды.

Елордада Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевтың бастамасымен зорлау қылмысына қатысты заңды қатайту мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. 

ҚР Бас прокуратурасы, «NurOtan» партиясының қоғамдық ұйымдар мен адвокаттардың қатысуымен өткен жиында Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев зорлау қылмысын орта ауыр қылмыстан ауыр қылмыс түріне ауыстыруды ұсынды. 

«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өте көбейіп кетті. Бұл - біздің намысымызға тиетін тенденция. Сондықтан зорлау қылмысын орта ауыр санаттан ауыр санатқа өткізуіміз керек. Аналарымыз бен қарындастарымыздың арын таптатып қойып, қарап отырсақ, елдігіміз қайсы? ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені көтеріп, алдағы Жолдауында осыған қатысты нақты тапсырмалар беретінін айтты. Біз де осы мәселеге өз үнімізді қосу үшін бас қосып отырмыз», - деген депутат қазақ тарихында мұндай қылмыс өліммен жазаланғанын еске алды. 

«Егер зорлау қылмысын ауыр санатқа өткізсек, екі жақтың келісімімен істі жабу мүмкін болмайды. Зорлық жасаған адамды бас бостандығынан айыру жазасын да қатаңдатып, мерзімін ұзарту қажет деген ойдамын. Ал зорлыққа тап болған әйел адамдарға тергеу басталған кезден бастап барлық жағдай жасалуы керек. Біріншіден, психолог бөлінуі керек. Екіншіден, мемлекеттің қаржыландыруымен адвокат бөлінуі керек. Куәгерлерді қорғау жүйесі, зардап шегушіні қорғау жүйесі бойынша да зорлық көрген адамның құқығы қорғалуы қажет», - деді Нұржан Әлтаев. 

Депутат адам зорлау сияқты айуандық қылмыс жасап сотталғанымен, мерзімінен бұрын босап жатқандар бар екенін де айтты. 

«Осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғандардың кейбірі мерзімінен бұрын босап жатады. Олай болмауы керек. Біз дәл осы зорлық қылмысы үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты босату бабын заңнан алып тастау керек деген ұсыныс енгізбекпіз», - деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары