Павлодар облысында жол патрульдік қызметінің 508 қызметкері жезлдерін қайтадан қолға алды. Аймақтық Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, оларды тек жол қозғалысын реттеу кезінде ғана қолданады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, baq.kz-ке сілтеме жасап.
«1 қыркүйектен бастап күнделікті жұмыс үшін «қызыл таяқтар» қайтарылды. Олар тек қана жол қозғалысын реттеу үшін пайдаланылады, көбінесе түнде ауа райы нашар және нашар көріну, сонымен қатар, ЖКО, техногендік, табиғи апаттар кезінде көлік құралдарын бұру, автокөлік құралдарының колонналарын алып жүру, лаңкестікке қарсы операцияларды жүргізу кезінде қолданылады. Көлік құралдарын тоқтату үшін «қызыл таяқтарды» пайдалануға қатаң тыйым салынады», – деп нақтылады полковник.
Жасқайрат Қайыров жезлдер сатып алынбағанын, 2017 жылы тапсырған қоймалардан алып шыққанын айтады. Департаментте екі жылдан кем қызмет атқаратын қызметкерлерді «қызыл таяқтарды» қолдануға үйрете бастады.
Қазір полицейлер теорияны қайталайды, кейін жол қиылысындағы бағдаршамдарды өшіру кезінде білімдерін тәжірибе жүзінде бекітеді. Оқыту бір аптаға созылады. Жезлдерді пайдалану жүргізушілер үшін реттеушінің қимылдарын қабылдауды жақсартады және жолдағы қауіпсіздікті арттырады.
«Қызметкерлерге «қызыл таяқтарды» қайтару алдында бұл мәселе қызу талқыланып, халықпен келісілген, автоәуесқойлардың 70%-ы қызметкердің реттеу кезінде көрінбейтінін айтты. Сондықтан азаматтар ЖҚЕ үйреніп, реттеушінің ым-әрекетін түсінуі керек. Себебі, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 599-бабына сәйкес, реттеушінің іс-әрекетін орындамағаны үшін 10 АЕК немесе 25 мың теңге айыппұл қарастырылған», – деп атап өтті полковник.