$ 498.34  519.72  4.85

Еліміздің 3 қаласында белсенділер «митинг өткізу заңын» бұзды деп айыпталды

Осы митинг үшін қамалған төрт белсенді 15 тамызда Шымкент қаласы әкімдігінен наразылық акциясын өткізуге өтініш жазғанымен, жергілікті билік рұқсат бермеген.

18 қыркүйекте Ақтөбе мен Шымкентте бірнеше белсенді "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен бірнеше күнге қамалды. Белсенділер тамыздың соңы мен қыркүйектің басындағы акциялар үшін жазаланды.

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық соты Ерғали Құлыбаев, Абай Нахитов және Нұржан Әбілдаевты - 5 тәулікке, Нұржан Мұхаммедовті 15 тәулікке ("бейбіт митинг өткізу заңын" бір жылда екі рет бұзғаны үшін 15 күндік жаза берілді) қамауға шешім шығарды. Белсенділер сот шешімімен келіспейді. Ал сот белсенділердің айыбы толық дәлелденді деп санайды, деп жазады Азатттық.

Төрт белсенді де 25 тамызда Шымкенттегі Абай саябағында билікке, елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына қойғанына қарсылық білдірген. Бұған қоса, белсенділер биліктен «саяси тұтқындарды» түрмеден босатуды талап еткен. Осы митинг үшін қамалған төрт белсенді 15 тамызда Шымкент қаласы әкімдігінен наразылық акциясын өткізуге өтініш жазғанымен, жергілікті билік рұқсат бермеген.

Ал Ақтөбеде Берік Ноғаев – 5 тәулікке, Жақып Абылазыұлы 3 тәулікке қамалды. Олар да "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыпталды. Екеуі де қыркүйектің басында "Қазақстандағы Қытай жобаларына" қарсы наразылық шарасынақатысқан.

Ақтөбелік белсенділердің бірі Әлібек Молдиннің айтуынша, полиция Берік Ноғаевты 17 қыркүйек күні Ақтөбедегі газбен жабдықтау мекемесіне жеке шаруасымен бара жатқан жерінен ұстап әкеткен.

Ал Нұр-Сұлтандағы мамандандандырылған ауданарлық әкімшілік соты жас белсенді Алтын Базарбайды он тәулікке қамады. Оның адвокаты Ольга Энн сот қаулысымен келіспей, апелляциялық арыз жазғандарын айтты. Базарбай 3 қыркүйекте "Бәйтерек" монументі алдында "Қытай жобаларына қарсы" акцияға қатысқан. Сот белсенді "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп таныды.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан соты 60 жастағы Әсия Кәрімоваға 50 айлық есептік көрсеткіш (126 мың теңге) көлемінде айыппұл салды. Кәрімованың айтуынша, ол 10 қыркүйекте "Бәйтерек" монументі жанында он жылдан бері қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті босатуды талап еткен.

16-18 қыркүйекте Алматы мен Нұр-Сұлтанда да бірнеше белсенді "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп айыпталып, 10-15 тәулікке қамалған. Олардың көбі 4-5 қыркүйекте өткен "Қытайдың жобаларына қарсы" наразылық шарасына қатысқан.

Ал "Qaharman" құқық қорғаушылар қозғалысы  белсенділердің ұсталуын елде экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының алдағы күнге жоспарлаған наразылық шарасымен байланыстырады.

Қазақстан соты елде экстремистік ұйым деп таныған ҚДТ қозғалысының жетекшісі, Қазақстан билігін сынаушы, қазір шетелде тұрып жатқан экс-банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы жұртты 21 қыркүйекте митингіге шығуға шақырған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының барлық шарасын заңсыз деп есептейді. Ел заңына сай, азаматтар қандай да бір наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Биліктен рұқсат бермеген митингілердің бәрі заңсыз деп танылып, оның қатысушылары әкімшілік жауапқа тартылады. Батыс елдері мен құқық қорғаушылар Қазақстанның митинг туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп жиі сынайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#митинг