«Алматыметроқұрылыс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов ұсталды, деп хабарлайды nege.kz, ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
Реимовтың адвокаты Әлімжан Оралбай мұны дүйсенбі күні түс ауа хабарлаған. Алайда, бұл ақпарат тек екі күннен кейін ғана жария болып отыр.
Еске сала кетсек, 28 қазан күні Қайрат Реимов Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, өзіне қатысты екі қылмыстық іс қозғалғанын және үстінен қылмыстық қудалау жөнінде тапсырыс түскенін мәлімдеген. Бірінші қылмыстық іс – «Bank RBK» АҚ мен Реимовтың иелігіндегі MAG корпорациясының арасындағы қарызға қатысты.
Реимовтың пікірінше, бұл іс қылмыстық өндірісте емес, азаматтық негізде қаралуы тиіс.
Екінші қылмыстық іс – «ДК-Инвестмент» ЖШС (иесі – Дінмұхамед Ыдырысов) мен «Инженерная поддержка» компаниясының арасындағы дау. «Инженерная поддержка» компаниясының иесі де – Қайрат Реимов.
Баспасөз мәслихатында метро құрылысшылары қылмыстық қудалаудың салдарынан жаңадан ашылуы тиіс «Сарыарқа» және «Достық» стансаларының жұмысы тоқтап қалуы мүмкін екенін ескерткен.