13.03.2020, 04:25

Ақтөбе облысының әкімі орынбасарының қамауға алынғаны расталды

фото: tengrinews.kz
Ол Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахмеджановтың әйелінен пара алып жатқан жерінде ұсталған. Мамунов ол ірі сомаға Ахмеджановтың жазасын өтеу мерзімін қысқартып, абақтыдан босатпақ болыпты.

Кеше Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың ұсталғанын хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жалпы, аталмыш деректі растаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазіргі таңда Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыс жасаған деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Алайда, ұсталған күні және тағы басқа туралы тергеу материалдары прокуратураның келісімінсіз жария етілмейді», - деді Биғайдаров, Нұр-Сұлтандағы брифингте.

Айта кетсек, Руслан Мамунов 2019 жылдың қарашасында Ақтөбе облысы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалған. 29 ақпанда оның ұсталғаны белгілі болды.

Кейін нақтыланғандай, шенеунік Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахмеджановтың әйелінен пара алып жатқан жерінде ұсталған. Мамунов ол ірі сомаға Ахмеджановтың жазасын өтеу мерзімін қысқартып, абақтыдан босатпақ болыпты.

Бұл ретте, Ахмеджанов 2015 жылы «ірі көлемде пара алу» күдігімен ұсталып, 2016 жылдың сәуірінде ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.