$ 444.22  476.38  4.82

Маңғыстауда 13 млрд теңгеден астам қаржыға заңсыз келісім-шарт жасалған

Шағымды қараған сот алқасы «Павлодар теңіз портының» радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған лицензиясы жоғын анықтады.

Маңғыстаудағы «Қошқар ата» радиоактивті қалдықтар қоймасын зарарсыздандырудың бірінші кезеңін жүргізуге тендер ұтып алған фирманың ол үшін арнайы лицензиясы жоқ болып шықты.

Белгілі болғандай, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен мемлекеттік сатып алу байқауы жөнінде 2019 жылдың 26 желтоқсанында веб-порталда жарияланған. Биылғы 14 ақпан күні байқау нәтижесінде «Павлодар теңіз порты» АҚ жеңімпаз деп табылған. Ол бастапқы кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстарын 13 млрд 314 млн 846 мың теңгеге жүргізбек болады.

Бұл қаражатқа 4 мың га жерге құм төселіп, технологиялық жолдар салынып, басқа да қажетті жұмыс жасалуы тиіс еді. Алайда, тендерге қатысқан 6 компанияның ішінен 2-орын алған «Каспиан Контракторс Траст» ЖШС конкурс қорытындысымен келіспей, сотқа жүгінген. Шағымды қараған сот алқасы «Павлодар теңіз портының» радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған лицензиясы жоғын анықтады. Сөйтіп, Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Павлодар теңіз порты» АҚ арасындағы келісім-шарт заңсыз деп танылды.

«Жобамен айналысатын мемлекеттік сараптау қорытындысына сәйкес, радиоактивтік қалдықтар көлемі 11,2 мың Кюри радиактивтілікпен 51,8 млн тоннаны құрайды. Құрамы бойынша қалдықтар шығу тегі U (238) болып табылатын аса улы Ra (226), Th (230), Рв (210) уран радий қатарына жатқызылады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Осындай жағдайда арнайы құжатсыз жұмыс істеу қоршаған ортаға ғана емес, мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың да өмірі мен денсаулығына орасан зиян келтіретін көрінеді.

Құралай ҚУАТОВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары