$ 494.87  520.65  4.91

Депутаттар мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Сондай-ақ, жалпы отырыста депутаттар Мәжіліс Регламентіне толықтырулар енгізді. Ол Парламенттік оппозиция туралы заңнаманы іске асыруға бағытталған.

 Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырыс өтіп, бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, депутаттар мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобаны бірінші оқылымда мақұлдады.

  Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заңға енгізілген нормалар мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыруға, ең бастысы – сыбайлас жемқорлықты төмендететінін айтты. 

Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин мемлекеттік сатып алу саласында басшылардың қызметін міндетті рейтингтік бағалау заң деңгейінде бекітілетініне назар аударды. Ол ең алдымен, мемлекет мүддесін сақтай отырып, ашық жұмыс істеуге жол ашады.  

Айта кету керек, қазіргі заңда жеткізушілермен тікелей шарт жасап, бір көзден сатып алу қарастырылған.

 Бұл нормаларды депутаттар тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алуда бәсекелестік әдістері таусылған кезде ғана қолдануға болады деп толықтырды. Бұны орындамаған басшылар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапкершілікке тартылатын болады. Сонымен қатар жалпы отырыста Палата атом энергиясын  пайдалану туралы заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдады.  

Құжатты талқылау барысында жұмыс тобы Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды анықтау жағдайлары, қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі I және II санаттағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерге тексеру жүргізу, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау тәртібі және тағы басқаларына қатысты ұсыныстар енгізді. 

Бүгінгі жалпы отырыста бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды. Атап айқанда, «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы. 

  Хаттама Қазақстан Республикасының өлім жазасының күшін жою бойынша халықаралық міндеттемелерді қабылдауына бағытталған. Аталған құжаттың 2-бабының 1-тармағында соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін, ратификациялау немесе қосылу кезінде жасалған ескертпені қоспағанда, осы Хаттамаға ешқандай ескертпелерге жол берілмейтіні көзделген.

 Қазақстан Хаттамаға көрсетілген ескертпемен қосылып отыр. 

Ратификацияланған құжаттардың қатарында ТМД қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бар.  

Оған қоса, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді  жүзеге  асыруы  кезінде құпия  ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық  туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Сондай-ақ,  бүгін Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы, сонымен қатар Қазақстан мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары мақұлданды.

 Бүгін депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаны  екінші оқылымда мақұлдады. Палата асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелеріне қатысты заң жобаларымен жұмысты жалғастыру туралы ұсыныспен келісті. Жалпы отырыста депутаттар біршама заң жобаларына Сенат енгізген толықтырулармен келісті. 

Олар: Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша және экономикалық өсуді қалпына келтіру мен экология және ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобалары.

 Жалпы отырыста Мәжіліс жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері туралы заң жобасын қарастырды. 

Сондай-ақ, жалпы отырыста депутаттар Мәжіліс Регламентіне толықтырулар енгізді. Ол Парламенттік оппозиция туралы заңнаманы іске асыруға бағытталған.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары