30.10.2026, 18:00

Германияда алғаш рет әйел адам президент атануы мүмкін

Фото: DW

2027 жылдың қаңтарында Германияда Франк-Вальтер Штайнмайердің орнына жаңа президент сайланады.

Ықтимал үміткерлердің қатарында ел тарихындағы алғашқы әйел президент атануы мүмкін Ильзе Айгнер де бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы сайты DW-ге сілтеме жасап. 

Басылымның мәліметінше, президенттікке кандидаттарға бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, Германия азаматтығының болуы, дауыс беру құқығы, жасы 40-тан төмен болмауы тиіс. 

"Үміткер белгілі бір деңгейде танымал болып, салмақты саяси ұстаным таныта білуі тиіс. Оның бойында адамдарды біріктіре білу, тіл табыса алу және көпшілік алдында шешен сөйлей алу сияқты қасиеттері болуы қажет", – деді саясаттанушы Урсула Мюнх.

Германияда Конституцияға сәйкес, федералды президент мемлекеттің басшысы әрі оның өкілі болып саналады. АҚШ пен Франциядан айырмашылығы мұнда президент кең саяси өкілеттіктерге ие емес әрі үкімет жұмысына жетекшілік етпейді. 

Тамыз айында Forsa зерттеу институты RTL телеарнасы үшін сауалнама жүргізді. Оның нәтижесі бойынша респонденттердің 74%-ы үшін жаңа президенттің ер немесе әйел болуы маңызды емес. Сауалнамаға қатысқандардың 19%-ы президент ретінде әйел адамды көргісі келсе, тағы 5 пайызы ер адам болғаны жөн деп есептейді.

Елдегі президент сайлауы 2027 жылдың 30 қаңтарында Берлинде өтеді. Әзірге бірде-бір кандидат ресми түрде ұсынылған жоқ. Қазіргі уақытта Бавария ландтагының төрайымы 61 жастағы Ильзе Айгнердің мүмкіндігі жоғары деп бағаланып отыр. Бұдан бөлек, президенттікке ықтимал үміткерлер ретінде Бундестаг төрайымы Юлия Клёкнердің, экс-қорғаныс министрі Аннегрет Крамп-Карренбауэрдің, білім министрі Карин Приннің және Гессен премьер-министрі Борис Райнның есімдері де аталады.