$ 494.87  520.65  4.91

Чехиялық жүздеген отбасы Грекиядағы босқын балаларды асырап алуға асығып отыр

Бірақ бұған Чехияның кейбір саясаткерлері қарсы.
Фото: Sputniknews.kz
Фото: Sputniknews.kz

Чехиялық жүздеген отбасы Грекиядағы босқындар лагерінде өмір сүріп жатқан жетім балаларды өз қамқорлығына алуға асығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бірақ бұған Чехияның кейбір саясаткерлері қарсы. Шенеуніктердің айтуынша, алдымен құжат жағын ретке келтіру керек. Бұған қоса, осы бір даулы мәселеде Үкіметтің шешімін құптайтын тұрғындар да аз емес. 

Қыркүйектің басында Грекия билігі Еуроодақ елдерін босқын балаларды далада қалдырмай, пана болуға шақырған еді. Бірақ Чехия 17 жастағы мигранттарға қамқорлықтың қажеті жоқ деп шешкен. 

Дегенмен, бір апта бұрын ресми Прага Афинадан Чехия паналатуы тиіс босқындардың тізімін сұратты. Парламент мүшелерінің мәлімдеуінше, Чехия бұдан бір жыл бұрын да дәл осындай сұрау жіберген. Алайда, Грекия жауап қатпаған-мыс. 

Зденек Абргам, саяси шолушы: 

- Бұл мәселе тек 10 жасқа дейінгі сириялық балаларды ғана қамтымайды. Бұдан бөлек, 15 жастан асқан ауған немесе пәкістандық жасөспірімдер де бар. Ал мұндай балалардың жаңа ортаға сіңісіп кетуі әлдеқайда қиын. 

Чехиялық құқық қорғаушылар ел Үкіметін тағдыр тәлкегіне түскен жандардың жергілікті халықпен бірдей күн көруге мүмкіндік жасауға шақырды. Бұған қоса, белсенділер Грекиядағы ата-ана қамқорынсыз қалған босқындарды қабылдау тәртібін ұсыну үшін ведомствоаралық топ та құрған. Олар мигрант балаларды өз қамқорына алуға дайын отбасылардың тізімін әзірлейді.

 Власта Брабец, құқық қорғаушы: 

- Бүгінде Грекияда 5 мыңға жуық босқын бала бар. Қазір Самос аралындағы 650 мигрантқа арналған орталықта 7 мың адам өмір сүріп жатыр. Олардың 300-ге жуығы ата-ана қарауынсыз қалған бала. Кейбірінің халі мүшкіл. Оларға қол ұшын созу үшін саясатты араластырудың не қажеті бар? 

Кейбір саясаткерлердің айтуынша, 10 миллион халқы бар мемлекет әрі гуманистік құндылықтары қалыптасқан елдің бір жыл бойы мигранттар мәселесіне көз жұмып қарауы ақылға сыйымсыз. Бірақ бұл мәселеде ел билігі мүлдем басқа шешімге келген тәрізді. Себебі, бұған дейін Андрей Бабиш бастаған Чехия үкіметі ел аумағына бірде бір босқынды кіргізбейтінін мәлімдеген. 

Ал босқындарды қабылдаудан бас тартуының себебі Сирияның өзінде балалар үйін салатынын айтқан болатын. Алайда, айтылған сөз сол сөз күйінде қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары