Аустралиялық ғалымдар елде белең алған орман өртіне қатысты дабыл қағып жатыр. Сидней университеті жүргізген зерттеу нәтижесінде, өрт салдарынан жарты миллиардқа жуық аустралиялық фауна тіршілік иелерінің мерт болғаны анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат, Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Зерттеу мәліметтері бойынша, 480 миллионға жуық сүтқоректі құстар мен бауырымен жорғалаушылар өрт салдарынан табиғи өмір сүру ортасын жоғалтып, мерт болған.
Аустралияның қоршаған ортаны қорғау министрлігі Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты өрттен коала популяциясының 30%-і жойылғанын мәлімдеді. Ең қорқыныштысы, жануарлар арасындағы өлім саны артуы мүмкін. Себебі, өртті тоқтату мүмкін болмай отыр.
Қызыл жалын 12 миллион акр орманды (5 миллион гектарға жуық), Уэльс штатының көлемінен екі есе үлкен аумақты шарпыған. Бірнеше ай бұрын басталған орман өрті 20 адамның өмірін қиып, мың жарымға жуық үй өртенген.
Бірнеше сағат бұрын ғана Виктория штатының оңтүстік-шығысында төтенше жағдай жарияланды. BBC News ақпараты бойынша, өрттен қажыған аустралиялықтар елдің премьер-министрі Скотт Моррисонға сын айтуда.
Олардың пікірінше, премьер-министр мен оның үкіметі қиын жағдайдан шығу үшін тиісті іс-әрекетті жасап жатқан жоқ.