Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшылар Мейірім Нұрсұлтанов (13-0, 8КО) пен Мадияр Әшкеев (13-0, 6КО) аты аңызға айналған бапкер Фредди Роучке сыйлық жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спортшылар белгілі тәлімгерге қазақтың шапанын сыйға тартты. «Фреддиді туған күнімен құттықтап келдік» деп жазды М. Нұрсұлтанов Instagram-парақшасында. Еске салайық, қазақстандық боксшылар Фредди Роучтың залында келесі жекпе-жектеріне ұзақ уақыттан бері дайындалып келеді.
Фредерик Стивен Роуч – америкалық кәсіпқой боксшы, бапкер. Әлемдік бокс тарихындағы ең мықты жаттықтырушылардың бірі. Бокс туралы жазатын Журналистер қауымдастығының нұсқасы бойынша, 7 рет «Жылдың үздік бапкері» атанған.
Роуч көптеген белгілі спортшылармен жұмыс істеген. Үлкен жетістікке ол филиппиндік Мэнни Пакьяомен жетті.