$ 449.58  486.94  4.86

Беларусь прокуратурасы Тихановская құрған Үйлестіру кеңесінің үстінен іс қозғады

Кеңес мүшелеріне билікті басып алмақ болды деген айып тағылып отыр.
фото: gazeta.ru
фото: gazeta.ru

Беларусь прокуратурасы оппозиция құрған билікті бейбіт ауыстыруды жүзеге асыратын үйлестіру кеңесі мүшелерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Прокуратура үйлестіру кеңесін «Конституцияны бұзды», «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірді» деп айыптап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Бұған дейін Александр Лукашенко кеңес мүшелерін билікті басып алмақ болды деп кінәлаған еді. Ал үйлестіру кеңесінің мүшелері «билік үйлестіру кеңесінде бар потенциал күштен қорқады» деді. Олар билікті басып алуды көздеп отырмағанын, елді саяси дағдарыстан шығару жолдарын іздестіретінін айтқан.

Президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспеген наразылар акцияларын жалғастырып жатқан шақта бірнеше күн бұрын оппозиция билікпен диалог жүргізетін үйлестіру кеңесін құрған еді. Олар сайлау қорытындысы жаппай бұрмаланды деп мәлімдеп, жаңадан сайлау өткізуді ұсынған. Наразылықтың 12-күні оппозиция өкілдері мен белсенділердің ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.

Наразылардың талабына қарамастан елді 26 жыл басқарған 65 жастағы Александр Лукашенко отставкаға кетпейтінін және жаңадан сайлау өткізбейтінін айтып отыр. 19 тамызда билік оппозиция жетекшілерінің үстінен қылмыстық іс қозғап, қауіпсіздік күштерін демонстранттарға қатаң шара қолдануға бұйрық берген.

Nexta.Live телеграм-арнасының хабарлауынша, 21 тамызда белсенділер іс қозғалған оппозиция өкілдерін қолдап, тергеу комитетінің алдында акция өткізбекші.

19 тамызда алғашқы отырысын өткізген үйлестіру кеңесі мүшелері елдегі конституциялық құрылымды өзгертуге тырысып отырмағанын, Конституцияның негізгі принциптеріне сүйеніп, әрекет ететінін айтқан еді. Бейсенбі күні үйлестіру кеңесінің мүшесі Сергей Дылевский "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында «билік үйлестіру кеңесінде бар потенциал күштен қорқады» деп істің саяси астары туралы айтқан.

Үйлестіру кеңесі бұған дейін азаматтарды саяси қудалауды тоқтату, барлық саяси тұтқындарды босату, сайлау қорытындысын жарамсыз тану, жаңадан ашық әрі әділ сайлау өткізуді талап еткен болатын.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары