$ 447.4  477.55  4.76

Тихановская батыс елдерін Беларусь билігіне қысым жасауға шақырды

Оның айтуынша, Александр Лукашенко беларусь халқының сенімінен айырылған.
Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

Беларусь оппозициясының жетекшісі, билік қысымымен елден кеткен Светлана Тихановская Беларусьте “мүлдем жол беруге болмайтын” жағдай қалыптасты дейді.

Сейсенбі күні Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының отырысына онлайн түрде қатысқан Тихановская Беларусь билігіне халықаралық қысымды үдетуді, Лукашенко мен үкіметіне санкция салуға шақырды, деп жазады Азаттық радиосы

Ол президент Александр Лукашенко беларусь халқының сенімінен айырылды деді.

Ол ПАСЕ мүшелері алдында демократиялық жолмен сайланған үкіметтер Лукашенкомен келісім жасауға бармайды деп тұжырымдады.

9 тамызда өткен президент сайлауында Лукашенконың басты қарсыласы болған Тихановская жетекшілік ететін оппозиция сайлау қорытындысы бұрмаланды деп есептейді. Елде Лукашенконың отставкасы мен жаңа сайлау өткізуді талап еткен наразылық шаралары төрт аптадан астам уақыттан бері жалғасып жатыр.

Бұған дейін Беларусьте із-түзсіз жоғалып кеткен оппозицияның үш өкілінің Украинамен шекарада "жүргені" белгілі болған еді. Украинаның ресми орындары оппозиция жетекшілерінің бірі Мария Колесникованы күштік құрылымдардың елден күшпен кетірмек болғанын хабарлаған. Ал Беларусь шекара қызметі оның елден кеткенін айтқан. Мария Колесникова, Антон Родненков және Иван Кравцов үшеуі де - билікті бейбіт ауыстыруды көздейтін оппозиция құрған үйлестіру кеңесіне мүше.

ПАСЕ жиынында Тихановская осы сияқты оқиғаларды меңзеп, билік елдегі наразылықты күшпен басып, белсенділерді қорқытуға тырысып жатыр деді.

ПАСЕ жетекшісі Рик Демс жақында Беларусь билігі мен тараптарды “елдегі дағдарысты бейбіт түрде реттеп, беларусь азаматтарының мүддесіне сай қажетті реформа жүргізу үшін жедел түрде диалог бастауға” шақырған еді.

Беларусь – Еуропа кеңесіне мүше емес, бірақ ассамблея 1997 жылы "жиын қонағы" статусынан айрылған Беларусь билігін жиынға қатысуға жиі шақырып келеді.

Лукашенко қарсыластарымен диалог орнатудан бас тартқан және жаңа сайлау өткізбейтінін айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары