Шетелде тұрып жатқан өзбек құқық қорғаушылары мен бұрынғы саяси тұтқындар Швейцария үкіметін Гүлнара Каримова иемденген ақшаны елге қайтару барысында қайтадан жымқырылуына жол бермеуге шақырды, деп жазады Азаттық сайты.
Бұған дейін Швейцария мен Өзбекстан бұрынғы президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың швейцария банктерінде қалған 131 миллион долларын Ташкентке қайтару туралы келісімге қол қойған еді.
Белсенділер мәлімдемесі осы ақпараттан кейін жарияланды. Адам құқығы жөніндегі өзбек-герман форумының бастамасымен әзірленген ашық хат 16 қыркүйекте Uzbekforum.org сайтында жарияланды. Белсенділер Өзбекстанға қайтарылған ақша жемқорлықпен күрес бойынша реформа жүргізуге жұмсалсын дейді. Олар Гүлнара Каримова ісі аясында швейцария банктерінде "қатырылған" ақшаны елге қайтару процесін барынша ашық етуді талап етіп отыр.
Ашық хат авторлары қазір елде либерализация нышандары байқалғанмен үкімет жемқорлықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдамады дейді.
"Сол себепті жемқорлық схемасы арқылы ұрланған өзбек халқының байлығы қайта жемқорлардың қолына түсуі мүмкін" делінген хатта.
Оған адам құқығы жөніндегі өзбек-герман форумының жетекшісі Умида Ниязова, Қарақалпақстанда шоғырланған "Чирок" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Әзімбай Атаниязов, "Орталық Азиядағы адам құқығы" (Франция) құқық қорғау ұйымының жетекшісі Надежда Атаева, Өзбекстандағы азаматтық белсенді Фарида Шарифуллина, фототілші Тимур Карпов, Швейцарияда тұрып жатқан өзбек журналисі Әлішер Таксанов және өзге азаматтар қол қойған.
Келісім талаптарына сәйкес, Ташкент қайтарылған ақшаны қалай жұмсағанын ашық жариялап, есеп беріп отыруы тиіс. Билік бұл қаражатты "халықтың жағдайын жақсартатын", елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жобаларға жұмсауы қажет.
Гүлнара Каримованың үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында тағы 715 миллион доллар бұғаттаулы күйде қалған. Бұл қаржы да алдыңғы шартпен Өзбекстанға қайтарылуы мүмкін.
Биыл мамыр айында Франция Өзбекстанға Каримованың 10 миллион долларын қайтарған. Бірақ олар өзбек билігіне ешқандай талап қоймаған еді.
Ашықтықты талап етіп отырған Швейцария үкіметінің әрекетін оң бағалаған сарапшылар "Швейцария ақшаның жұмсалуын оңай қадағалайтын процедураны талап етіп, соңына дейін бақылауы керек" дейді.
Оқи отырыңыз: Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримова есепшотындағы 131 млн долларды қайтарады
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін 2017 жылы қызы Гүлнара Каримова Өзбекстанда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған "салықтан жалтарды", "қаржы жымқырды", "бопсалады", "офшор компаниясының құжаттарын жойды" дегеп айып тағылды. АҚШ пен Еуродақтың бірнеше елі Каримованы қаржы жымқырды деп айыптағаннан кейін Өзбекстанда экс-президенттің қызының үстінен іс қозғалған.
Каримоваға алғаш рет сот үкімі шыққаннан кейін ол біраз уақыт үйқамақта отырды. Бірақ 2019 жылы наурызда "үйқамақ ережесін бұзды" деп айыпталып, Ташкент облысындағы түрмеге жіберілді. Каримова мен оның қызы бұл айыптарды жоққа шығарды. Осыдан соң Каримованың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалған.
Үшінші қылмыстық іс бойынша ол 13 жыл 4 айға бостандығынан айрылған. Каримоваға және онымен бірге сотталған тағы бірнеше адамға "қылмыстық қауымдастық құрып, ақша бопсалау, бюджет қаржысын жымқыру, қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырумен байланысты қылмыс жасады" деген айыптар тағылды.