23 мемлекеттің басшысы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болашақта болуы мүмкін төтенше жағдайлардан сақтану үшін пандемия жөнінде келісім жасау ұсынысын қолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл шарттың мақсаты – хабарландыру жүйелері, ақпарат пен зерттеулермен алмасуды және вакциналар мен дәрі-дәрмек өндірісін жақсарту арқылы әлемнің осындай дағдарыстарға қарсы тұрақтылығын нығайту.
«Келесі індетке дайындықтың жоспарын әзірлеуге кірісу үшін пандемияның аяқталуын күтуге болмайды. Келісім COVID-19 көрсеткен кемшіліктерімізді жойып, денсаулық сақтаудың халықаралық ережелерінің орындалуын нығайтып, пандемияның алдын алу мен тиісті шараларды қабылдау бойынша ынтымақтастықты қамтамасыз етеді», - деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
«COVID-19 осал тұстарымыз бен қайшылықтарымызды анықтап берді. Енді болашақ ұрпағымызды пандемиядан қорғап қалу үшін бірігетін кез келді. Бұл үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгідей саяси еркімізді нақты іс-қимылға айналдыруға тиіспіз», - деді Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель.