20.09.2021, 15:00

Ресейлік ЖОО-да атыс: 8 адам қаза тапты

Фото: ашық дерекөз
Бірнеше адам жарақат алды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы нақты деректер анықталып жатыр.

Ресейдің Пермь қаласындағы жоғары оқу орнында атыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Оқиға видеосы РЕН-ТВ Telegram-арнасында жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, студенттер ғимарат терезесінен секіріп жатыр. Сондай-ақ, видео кадрларынан атыс естіледі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқушылар мен мұғалімдердің кейбірі, ғимараттан шығып үлгерген, ал басқалары сыныптарда жасырынған. 

Кейін белгілі болғандай, университетте атыс шығарған белгісіз адам ұсталды. Бұған дейін Пермь университетінде травматикалық қарудан оқ атылып, төрт адам жараланғаны айтылған.

"Белгісіз адам ұсталды", - делінген хабарламада.

Ресей тергеу комитеті мәліметінше, 20 қыркүйекте Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университеті ғимараттарының бірінің аумағында студент атыс шығарған.

Нәтижесінде 5 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алғаны жарияланды. Алайда кейінірек тергеу комитеті сайтындағы деректер өзгерді. 

"Нәтижесінде 8 адам қаза тапты, бірнеше адам жарақат алды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы нақты деректер анықталып жатыр.

Күдіктінің жеке басы анықталды. Ол қамауға алу кезінде қарсыласуына байланысты жараланды. Тергеу күдікті туралы материалдар жинап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды", - делінген хабарламада.