$ 494.87  520.65  4.91

Германия үкіметі Әлішер Усмановтың яхтасында тұрған 30 картинаны тәркіледі

Олардың жалпы құны кемі бес миллион еуро тұрады.

Германия полициясы Ресей олигархы Әлішер Усмановтың 30 картинасын тәркіледі. Оның ішінде Марк Шагал секілді танымал қылқалам шеберлерінің картиналары бар. Олардың жалпы құны кемі бес миллион еуро тұрады, деп жазады Азаттық. 

Süddeutsche Zeitung басылымының хабарлауынша, картиналар Усмановтың "Ділбар" деп аталатын супер яхтасындағы интерьердің бір бөлігі болған. Яхта 2021 жылы күзде Гамбург портына күрделі жөндеуге тоқтаған. Картиналар содан бері экспедитор компанияның қоймасында сақталған.

Биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Әлішер Усманов Ресей президенті Владимир Путинмен тығыз байланысы бар бизнесмен ретінде Еуропа одағының санкциясына ілінген. Заң бойынша ол Германиядағы барлық активтері, оның ішінде көркемдік құндылығы бар картиналары жөнінде де хабарлауға тиісті, бірақ хабарламаған. Бағасы 600 миллион доллар тұратын "Ділбар" яхтасын неміс билігі наурыз айында алып қойған.
Бұған дейін Германия полициясы Әлішер Усмановтың жылжымайтын бірнеше мүлкін тексерген. Оның ішінде Баварияның Тегернзе көлі жағасында тұрған вилласы да бар. Вилладан құжаттар мен Фаберже фирмасының төрт жұмыртқасын алған. Сирек кездесетін болғандықтан оның дәл бағасын айту қиын, алайда 20 ғасырдың басында жасалған Ротшильд жұмыртқасы 12,5 миллион долларға сатылғаны мәлім.

Усманов аталған мүліктердің ешқайсына қатысым жоқ деп мәлімдеген. Олигархтың сөзінше, сөз болған мүліктің бәрі қордың атына тіркелген. Усманов ол қорға "иелік етпейді".

Германия билігі Усманов 500 миллионнан астам еуро жымқырды және жылыстатты деп те күдіктенеді.

Еуропа кеңесінің Брюссельде өткен саммитінде Еуропа одағына мүше елдердің басшылары Ресей олигархтарының Еуропада бұғатталған активтерін тәркілеу схемасын жасауды Еуропа комиссиясына тапсырған.

Ресейдің "Коммерсант" газетінің есебіне қарағанда, қазір Еуропада Ресей бизнесінің 17,4 миллиард еуро активі мен Ресей Орталық банкінің 23 миллиард еуросы бұғатталып тұр. Бұл активтерді тәркілеу жөніндегі идеяны Кремль "халықаралық бандитизм"деп атаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары