$ 498.34  519.72  4.85

«Дін таласы» (Ә.Бөкейхановтың аудармасы жайлы аз сөз)

Соңғы кездері Қазақиядағы дін мәселесі күрделі жағдайға айналып барады. Елдегі тілдік бөлінушілікке енді діндік ала-құлалық қосылды. Бес қазақ бес түрлі діни ұғымдарға иланып, бір үстелдің басында әңгімелері жараспайтын жағдайға жетті. Осыдан он жыл бұрынғы сенімге түскет сызат жарғақшағы жыраға айналып адам атап өте алмастай халге ұласты. Сәл шегініс. Исламдағы сүннет пен шейіт  топтарының өзара  шиеленісінен бірер мысал келтіре кетелік.  Бірін-бірі қырмандай қырған бұл ағымдар әрекетінен сіз қандай ҚҰДАЙШЫЛЫҚТЫ көріп отырсыз. Қос ағымның адам аулаған қарама-қайшылығы бір-ақ күнде пайда бола қойған жоқ қой. Сенімге түскен селкеулер кейін келе түрлі көзқарастар мен догмаларға ұрындырса, бұлжымас қағидалар соңы қантөгістерге әкеліп соқтырды. Ешқандай ділмәрсу емес, біздегі деструктивті діни топтар әрекетін қазірден бастап ауыздықтап бір пәтуаға жұмылдырмасақ, түптің-түбі осы кепке ұрындырары анық.

Мұны кеш түсінген мемлекет корпусының күрескерлігі өкінішке қарай, хиджап пен сақалдан аспай-ақ қойды. Сақалдың бір өзі ғана саяси аренаның қызу полемикасына айналды. Бұл біздің  тек дін әліппесімен ғана тұйықталғанымызды, дәлірек айтсақ діни сауатымыздың сәби санасындай ғана екендігін көрсететін шындық.  Жоғарыдағы атап өткен бес қазақтың біреуі арабтың салт-дәстүрін шариғатпен шатастырып, өзінің өмір тіршілігін осы бір ұлтпен етене сабақтастыруға тырысса, тағы бірінің таным көкжиегінің ауқымы жетінші ғасырдан  жылыстамай-ақ қойды. Жаңалық атаулыны жанына қас санайтын базбіреулеріне  қазаққа қатысты бірдеңе десең болды  «ширк» деп  шыға келетінді шығарды. Адасқан санаға араша болар үмітіміз имамдарымыз бен  зиялылар да еді. Өкінішке қарай, мешіт молдаларының бар айтары тағат-ғибадаттың төңірегімен ғана тұйықталса, оқығандарымыз  «осылай шығар деп ойлаймын...»   секілді тайғанақ  көзқарастардан арыға  бара  алмай қалды.

Дін − өрмекшінің торындай өте нәзік тақырып.Ол екі дүниенің қыры мен сырын еркін бағамдар жоғары танымды талап етеді.  Дәлірек айтсақ Алла мен адам арасындағы рухани байланыс. Ал осы байланысқа бөгде ниеттер мен саяси мүдде қосылғанда ол дін емес, дүлей апатқа ұрындырады. Әлемнің әр жерінен шаң беріп жатқан қанды қырғындардың себебі осыны аңдатады. Бүгінгі дөңгелек дүниедегі орын алып отырған  дін мәселесінің анық суреті осы. Анық пен танықтың аражігін ажырата білмесек осылай жалғаса бермегі де ләзім. Сонда қайтпек керек? Дін дүрбелеңінің дауасын қайткенде таба аламыз? Міне қабырғадан қойылған қиын сұрақтарға бұдан бір ғасыр бұрын Бөкейханов қаламсабымен жауап берілгендігіне  қайран қаласың. Алаш төрағасының терең танымына тағы да еріксіз таңдайыңды қағасың.

Әңгіме әлхиссасы Әлихан Бөкейхановтың «Дін таласы» деген  аудармасы хақында.  Француз жазушысы Бернарден де Сен-Пьерден Лев Толстой аударған осы бір қысқаша әңгімені қазақшаға Бөкейханов тәржімалаған. Оқиғаның ұзын-ырғағы мынадай: Үндістанның Сурат қаласында көптеген дін өкілдерінің өзара басқосуы болады.  Әуелгі сөзді Иран ғалымы бастаған отырыс соңы, кейін келе  үлкен дауға ұласады. Әркім ұлы Жаратушыны өз сеніміне (дініне) қарай меншіктеп қызыл кеңірдек ұрыс алаңына айналдырады. Сол жиында сөзге араласпай қағаберісте бір қытай отырады. Бәтуаға бекімей қызара бөрткен топ қолқаны сол қытайға салып «сен қалай ойлайсың, ойыңды айтсаңшы?» - дейді.

«Мырзалар!  Менің байқауымша адамдарды дін турасында бір іттіфаққа (ынтымаққа) келтірмейтін жалғыз-ақ нәрсе намыс.

....Өзімшілдікпен әр адам Құдай өзімдікі, я  отанымдікі, я діндесімдікі болса екен дейді. Күллі дүнияға сыймайтын ұлығ тәңіріні һәр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Тәңірінің езгілігін (ізгілігін) ыспаттайтын құдай өзі дүнияға шашқан нығметіне жететін мадақ сөз бар ма? Адам жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Жақын үшін жанын фида ететін ерлікке жететін құрбандық бар ма? Құрбандық қабыл болуына езгі (ізгі) адамның шын ықылас-көңілінен  артық орын бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлұғ (ұлық) деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы.

  Жақсырақ таныған сайын, құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болмақ, меһірбанлығын (мейірбандылығын) көріп, меһірімді  (мейірімді) болмақ.  Біреудің көзі соқыр, біреудің көңілі соқыр. Көзі соқыр жарықты көрмей, жарық жоқ дер, яки күнге көзі жетпей, көріп отырған шамын күн деп білер; көңілі соқыр  қылықты айырып, құдайды танымай құдай жоқ дер, яки қолына ұстап көзімен көріп отырған ағашын құдай деп білер. Қай соқырлық та болса – кемшілік. Бірақ, соқырлығының бейнетін һәркім өзі көреді...» - дейді.  Қос беттен ғана тұратын тәржіманың оқиға сорабы осылай аяқталады. Әлихан бұл тәржіма арқылы нені мақсат етті? Біздіңше мұның мағынасы тым тереңде жатыр. Мәңгілік майданға ұласқан дін таласына тек таным таразысы  ғана тоқтам болатынын пайымдайды. Сірә, қалтарыс қалған ештеңе қалмаған секілді. Осыбір қытай азаматының (мәселе ұлтында емес) ауызымен айтылған  ақиқат сөзде  аңғарған адамға біздің де тағдырымыз менмұндалайды.

   Манағы төбедегі сөз еткен бес қазақтың біріге алмауына да тек  таным мүгедектігінің  тоқтам болғандығы айдан анық қой .

    Бұдан бірнеше ғасыр бедерінде исламият білімінің бұлағы болған бүгінгі Мысыр мемлекетінің көрінісі қандай? Оның да түбіне көзсіз көбелектей «көңіл соқырлығы» жеткендін аңғарасың.  Қасиетті Құран-Кәрімнің бір аятында Аллаһ-Тағала: «Бұл дінді (исламды) адамдарды бақытты болу үшін түсірдім» - дейді.   Сонда соғыс ошағына айналған бүгінгі мұсылман мемлекеттерінде бақыт жайлы қандай  сөз болуы мүмкін. Демек бұл, дін исламның емес, біздегі мұсылмандық танымның таяздығынан болып отырған жәйіт.  Көбіміздің көкжиек көлеміміз исламды мешіт пен молданың маңайынан ары қарай  асыра алмай-ақ қойды ( Бұған  дін тек молларға  арналған мамандық секілді, қияметте  солар ғана сұралатындай можантопай түсінікті қосыңыз). Осындайда ойыңа дін қайраткері  Ғұмар Қараштың «Дін бізге емес, біз дінге мұқтажымыз» деген ғақлиясы оралады.

    Біз өзіміздің өн бойымыздағы кемшіліктерді көруге әм түзеуге тиіспіз.

   Себебі «сын түзелмей мін түзелмес» деген ұлы  рухани таным таразысы бар. Құдайшылығын айтайық, Құран сөзін құр жаттаған құрғақ құлшылық бізді қайда апара жатыр.  Өз басым молданың бір басына ғана болмаса өзгеге тигізген жақсылығы жайлы еш жерден  естігенім жоқ. 

   Сонда пайғамбарымыздың  «Адамның (кісінің) ең жақсысы адамдарға (адамзатқа)  жақсылық жасағандары» - деген хадисін қайда қоямыз.Осыуәзипа    Абайдың «Бұл заманның моллалары хакім (ғылым) атына дұшпан  болады»  шындығымен, Шәкәрімнің «ноқталы ми» ұғымының әлі күнге қатқан қалпында қалғандығын көрсетеді. Өкініштісі сол, құрғақ құлшылықтан аспаған қораш әрекетіміз қарт құрлықтың пайдасына шешіліп жатыр.  Ауғанстан мен Ирактағы орын алып отырған ауыр жағдайлар осыны түсіндіреді.  Қайыраайтуға мәжбүрміз. Рухани таным дегеніміз -  сектамен немесе топпен түсіндірілетін түсінік емес, ол тек қана Алла мен адам арасындағы рухизат қатынас.

  Әлихан аудармасындағы  «... Адам жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлұғ (ұлық) деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы.  Жақсырақ таныған сайын, құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болмақ, меһірбанлығын (мейірбандылығын) көріп, меһірімді  (мейірімді) болмақ» - деген  ұлы ұғымдар категориясы осыған саяды.

  Жақсылықты  бір ғана Жаратушының ризашылығы үшін емес, қор қызын құшпақ жұмақ үшін  (мұның кешегі коммунизм идеясынан қандай айырмашылығы бар)  жасаған бақай есебіміздің  шын исламдағы рухизат танымға үш қайнаса да сорпасы қосылмайды.  Біздегі һәм  қалаберді  әлемдегі дін дағдарысының (соқырлығының) симптомы осы.  Екі дүниені еркін, төр төңіректі түгел таныған Әл-Фараби мен Ғазали,  Абай мен Толстой танымының жоқтығы дөңгелек дүниенің тыныштығын кетіріп-ақ тұр. Әлиханды да әрі-сәрі етіп әлекке түсіріп отырған да осындай жағдайлар. Толстой дегеннен шығады  Бөкейхановтың тәржіма соңын: «Басқалар да   Толстой  көзімен қараса, осы күнгі  Балқанда судай ағылып-төгіліп жатқан қанға орын табылмас еді» - деп түйіндеуі тегіннен-тегін болмаса керек.

   Ілгеріде академик Манаш Қозыбаев марқұм бір сөзінде  «Біз әлі де Әлихан тауының етегіндеміз» деген болатын.

  Тау тұлға танымының бір парасы осы аудармада жатқанға ұқсайды. Бұдан бір ғасыр ілкідегі Бөкейханов тәржімасы бүгін тарихқа айналды. Тарих тәжірибе алаңына айналуы тиіс. Тарихтың қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайтын тағы бір шындығы бар.  Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сізбен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады.    

     

                                                                                             Ықылас ОЖАЙҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары