Танымал продюсер әрі тележүргізуші Баян Мақсатқызы бұдан былай тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қорғайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол «НТК» телеарнасындағы «Ревью» бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.
Осы ретте еске сала кетейік, Баянның өзі де күйеуінің көзіне шөп салып, өзге еркекпен ойнас құрғаны үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған еді. Енді ол өзімен «тағдырлас» әйелдерге қол ұшын бермек.
«Әуежай, дүкен, дәмхана, вокзал болсын, кез келген жерде мені әйелдер «бір минутқа бола ма?» деп шақырып алып, өздерінің адам шошырлық бастан өткен оқиғаларын баяндап жатады. Қазір ғана маған үш жыл бойы тұрмыс зорлығын көріп келген әйел көмек сұрап келді. Мен оған қолымнан келгенше жәрдем беретін боламын», – дейді продюссер.
Дәл қазір Баян Мақсатқызы әйелдерді қорғауға арналған жобаны қолға алып жатыр. «Аю тас» деп аталатын ұйым көп ұзамай әйелдердің базынасын айтып келер мекенге айналмақ. Тек Баянға қаржы жағынан қолдау беретін адам табылса болғаны.
«Жобаның аяққа тұрып кетуі үшін 40 милион теңгеден астам қаражат керек. Демеушілер іздеп жатырмыз» , – деді Мақсатқызы бағдарламаға берген сұхбатында.
Еске салайық, 10 маусымда Баян Мақсатқызы Талғар ауруханасына бассүйек ми жарақаты, пышақ жарақаты және мұрынның сынуы диагнозымен түскен болатын. Алдын ада мәлімет бойынша, оны күйеуі Бақытбек Есентаев пышақтап өлтірмек болған. Талғар аудандық ІІБ Бақытбек Есентаевты қамауға алып, «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша тергеді. Ал, сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырған болатын.