$ 445.66  474.58  4.78

«Толғауы тоқсан»

Рас, соңғы жылдары ел арасында жиі көтеріліп, қоғамдық пікір туғызып жүрген мәселенің бірі – көпнекелілік жайы дер едік.

Бұл тақырып кеңестік дәуір тарқап, еркіндік алғаннан кейін тұңғыш рет Заң шығарушы құзырлы орган – Парламент қабырғасында 1998 жылы дауысқа салынса, одан кейін 2010 жылы қайта қозғалған. Аталған мәселенің көкейкестілік танытып, жерасты тербелісі сияқты әлсін-әлсін дүмпу тудыруына не себеп? «Кәрі» қыздардың қамы ма, әлде, некелі отбасының шырқын бұзып, екінші, үшінші әйелмен сайран құрып жүрген «қатынқұмар, желөкпе» жігіттердің жағдайын жасау ма? Жазыла, айтыла жауыр болғанмен, бұл әңгіменің дүркін-дүркін қоғамға орала беретіне қарап таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді бұл да бір қажеттіліктен туындап жатыр-ау деген ойға қалдырып кетеді. Тіпті әйел үстіне әйел алуды заңдастырған күннің өзінде бұл мәселенің бетін қайтарып, толықтай шешіп тастай алмас еді. Мұнымен жезөкшелік те, зинақорлық та, кәрі қыздың қайғысы да тыйылмайды. Тек жекелеген түрде шешімін табуға септігін тигізетіні болмаса, жалпы бұл қасіретті толықтай ауыздықтауға әлі келмейтіні аян. 

Демографтардың саусақ бүгіп санауы бойынша елімізде күйеуге тимей «отырып» қалған қыздардың ұзын-ырғасы 400 000-нан асады екен. Мұны экс-депутат, бүгінде Ауылшаруашылығы министрінің кеңесшісі болып жүрген Аманкелді Момышев ағамыз әбден зерттеп, иін қандыра зерделеген екен. Күні кеше Парламент депутаттарының ортасына осы мәселені тастап жіберіп, қызу пікірталасқа жол ашқан Момышев мырзаға хабарластық.

− Жасыратыны жоқ, қалталы, жағдайы бар ер-азаматтардың қазіргі уақытта екі әйелі бары анық. Бірі заңды некелі әйелі болса, екіншісі «қалтарыстағы» қатыны. Одан да бала сүйіп, ұрпағын өсіріп отыр. Айырмашылығы, бірі – жария, ал екіншісі – құпия. Мұндай ұрлық қарым-қатынастан арадағы бала зардап шегеді. Мұны ойлап жатқан ешкім жоқ. Тегін танымайды, әкесінің атына жазыла алмайды. Заңдастыру үшін бірінші әйелмен амал жоқ ажырасуы керек. Осы тұрғыдан келгенде көпнекелілікті заңдастыру ұлтымыздың отбасын сақтап, ұрпағын көбейтуі үшін оңтайлы болмақ. Шариғатта төрт әйел алуға, оның қам-қаракетін жасауға рұқсат етілген. Егер осы жауапкершілікті заңмен бекітсе, бақуатты еркек түгілі дәулетті әйелдер де тұрмыстық жағдайын жасап, заңды тұрғыда бала сүйіп, ер-азаматтың етегінен ұстауға қол жеткізер еді, – дейді Аманкелді Момышев.

Үш әйел алған атасының қамқорлығында, үш апаның аялы алақаны мен жүрегінің жылуын сезініп өскен ол, бұл үрдістің ата салтымызда барын арқау етті. Ертеде күйеуі қайтыс болса келінді «әмеңгерлік» жолмен қайнысына қосып, ұрпағын одан әрі өсіріп-өндіру салты қалыптасқандығын ешкім жоққа шығармайды. Мұны бүтіндей бір әулеттің келешегіне, қанынан тараған ұрпағына жасалған қамқорлық деп түйсіну қажет. Осындай қанда бар асыл қасиеттің арқасында «жесірін сыртқа теппеген, жетімін жылатпаған» ел болғанымыз ақиқат. Осының бәрін саралай келе «Ал осы әңгіменің бәрін көптің талқысына тастап, таластырып жүрген өзіңіз неге тоқал алмайсыз? Әлде бар ма еді?» деп салдық.

− Қазақ әйелдерінің ақыл-парасаты, мейірім-шапағаты әмеңгерлік салттың қалыптасуына негіз болды ғой,– деп әңгімені арыдан бастады Амангелді ағамыз. – Туу жасынан асқан соң өзінің көңілінен шығатын ет жақындарынан қыз айттырып, ерінің төсегін жаңғыртқан. Сол себепті, тоқалы бәйбішенің сіңілісі саналып, «әпке» деп атап, алдынан қия өтпеген. Сөйтіп, рулы елге айналған. Қазір екінші әйелді араластырмай-ақ қызғаныштың қызыл итін ұлытып, өзара ұрыс-керіс шығарып, отбасын ойран етіп жатқандар баршылық. Оның үстіне, он баладан кем тумаған алтын құрсақ аналардан тараған бүгінгі әйелдер бір-екі баламен ғана шектелуде. Бұл дұрыс емес. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығатынын» медет қылған қанағатшыл халықтың санасын тұрмыс билеп, дүниеқоңыздық жайлап алды. Ал осы әңгіменің бәрін қоңырсытып жүрген мен шынында да неге екінші әйел алмаймын? Менің жасым 70-тен асты. Әйелім алтын асықтай жеті бала сыйлады, жетеуінен 24 немере сүйдім, немеремнің алды отау құрып жатыр. Сөз орайы келгенде ұл-қыздарыма, күйеубала-келіндеріме кемінде 4-5 баланы өмірге әкелу керектігін құлаққағыс етіп отырамын. Көпбалалы үйдің ырысы ортаймайды, ынтымағы ыдырамайды. Бала көп болғанда еркектің де сырттағы әйелге көз салуына мұршасы болмайды,– дейді ағынан жарылған Аманкелді аға.

«Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайтыны» сияқты, көпнекелілікті еркектер ғана емес, сырт көзден жасырынып, бала туып отырған жалғызбасты әйелдер де қолдайтын көрінеді. Оқып-тоқып, қызмет қуып жүріп «отырып» қалған қыздардың көлденең «көк аттыдан» бала сүйіп, оны «тірі жетім» етіп өсіріп отырғандары ащы да болса шындық. Ал некесіз туған бала шариғатта да харам саналыпты. Толғауы тоқсан «тоқал» жайын сөз еткенде ең алдымен бала тағдыры ойлантса игі. Тойшыл халықпыз гой, кезекті бір басқосуда жиылған жұртты сүзгіден өткізіп тұрған әйелдер арасында «міне, нағыз еркек, бүгін төртіншісімен кеп тұр» деген сөздің ауыздан шыққаны сол еді, орта жастағы жігітағасының өмір-дерегі әп-сәтте парақталып кетті. Ол ауылда тұрады. Бәйбішесінен бастап, екінші, үшінші, тіптен, жуырда нәрестелі болған төртінші әйелдің тұқым-тұяғын танитын елдің аузына қақпақ бола алмасын білген еркек осылайша көп әйелін кезектестіре той-томалаққа алып шығатын көрінеді. Олардың ортасында түсіністік, ынтымақ-бірлік бар. Бастысы, әрбірінің үй-жайы, тіршілігі бар. Ал, жалпы әйел мен еркек турасындағы әңгіме мұнымен бітпейді. Өз тағдырына жауапсыз қарайтын жеңіл жүрісті қыздардың қылығынан сүттей ұйыған отбасылардың шырқы бұзылып жатса, оған әрине, нәпсінің құлы болған еркектің кінәсі барын бағамдау қиын болмас. Ақылсыз, имансыз жандардың теріс әрекет, қыңыр қылығы қырық рулы елге тарап, «бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» керін келтіріп жүргендер жоқ емес. 

Десе де, бұл ұлтымыздың бетіне шіркеу болып жүрген жеңіл жүрісті, жауапсыз азаматтардың адами құндылықтарға, зайырлы қоғам дамуына қайшы келер іс-әрекетін дәріптеу емес, шынайы махаббат, ұлт ұрпағының қамын жейтін, отбасын ардақ тұтып, құрметтейтін, баласын бауырына басып, бар мейірімі мен жиған-тергенін соның  өсіп-жетілуіне, оқып-тоқуына жұмсайтын қамқор әке, мейірман ана тағдыры алаңдатқаннан туындаған ой деп білерсіздер. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» демекші, ел ішін кезіп жүрген жел сөздің шындығына, астарлы ақиқатына зер салу, ой елегінен өткізу етек алып отырған олқылықтардың орнын толықтырар. Шетел асып кытай мен кәріс, түріктің тұқымын көбейтіп жүрген қызық қыздарына тосқауыл болар, бәлкім. Дәретханаға тасталып, есіктің тұтқасына ілініп, тумай жатып тағдырдың ащы дәмін татып жатқан бейкүнә сәби сіз сүйген, құрмет тұтқан еріңіздің опасыздығынан туғылған бала болса ше?.. Тастанды бала, тірі жетім, жалғызбасты әйелдер санының артып отырғаны да содан шығар.

Кім біледі, «екі сиыр – айран, екі қатын – ойран» деген ойдан арылып, кеңдік жасап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, кіріптарлық көрсетпеуге қауқарлы ер-азамат табылып жатса... екінші әйел алуды заңдастырсақ, мынау жалпақ даланы балпаң-балпаң басатын бала да көбейіп, қазақтың ризық-несібесі артар ма еді? Бірақ барлық әңгіменің түйіні баяғыдағыдай бәйбіше мен тоқалдың баласын күрестіріп «сен – мына ауылдың палуанысың», «сен – ана ауылдың палуанысың» деп теңдей етіп тәрбиелей алатын азамат-әкенің ақыл қауқары мен дәулетіне келіп тіреледі. Екінің бірі кем болып, үйлесім таппаған соң қоғамның бетіне қайта-қайта шығып, жасырын түрде жартылай ғана шешімін тауып жүрген бұл мәселенің Отанымыздың кішкентай ошақтарына ой салып қана қоятын деңгейінде қала бергені де дұрыс шығар, өйткені мұндай азаматтарымыздың көп емес екені өзімізге аян ғой. Бірінің дәулеті көп, парасаты кем, бірінің ақшасы аз, ақылы ұшан, өзінде бірі кем тұрғанда, екі әйелді тең ұстап, тірек бола алар ма ма екен?

Мәдина Алиакбарова

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары