BI Group құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваны ақыл-есі жоқ тәтей деп атады. Кәсіпкер Балиеваның оңтүстікқазақстандық 7 жасар баланы жасырып ұстап, анасына бермеу себебін түсіне алмай, Facebook-парақшасына осылай деп жазды.
Еске салайық, кеше ОҚО-да зорланды делінген бала әжесімен бірге Шымкенттен Астанаға ұшып келген болатын. Алайда, Алматыдан оның анасы келіп, ұлын өзіне алмақ болғанда Зағипа Балиева ортаға түсіп, қолынан келгенше баланы көрсетпеуге тырысқан еді.
«Енді бала қауіпсіз жерде, ол өз анасымен бірге біздің Аналар үйімізге жайғасып, күзетке алынды. Ақыл-есі сау емес З.Балиевадан әзер деген де алып кеттік. неге екені түсініксіз, оған баланы бізге бермеуге Астанада ОҚО полицейлері көмектесті. Аружан Сайын, жарайсың», - деп жазды танымал кәсіпкер.
Еске салайық, кеше кешке баласын алып кетуге келген келіншекке алдымен Зағипа Балиева, артынша құқық қорғаушылар қарсылық көрсеткен болатын. Мәжіліс депутаты сағат 21:00 болғанына қарамастан тым кеш болып кеткенін, әйелге ертең келу керек екенін айтса, құқық қорғаушылар мүлдем жауап қатпастан бала жатқан бөлмеге адамдарды жолатпапты. Осынау сәттер түсірілген видеоны қоғам белсенділері мен журналистер әлеуметтік желілер арқылы таратып жатты.
Айта кетейік, осыдан бір аптадай уақыт бұрын ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланың ауыр тағдыры жайында жазған болатынбыз. Оның әжесі жергілікті журналистерге берген сұхбатында немересінің былтырдан бері зорланып келе жатқанын айтқан. Сөзінше, көрші мектептің 7-8 сынып оқушылары 1-сынып оқушысын алдымен ұрып соғып, артынша зорлайды екен. Осылай былтыр тамыз айынан бері жалғасып келеді дейді ол.
Баланың әжесі сұмдық жағдайды айтып мектеп директорына да, учаскелік полицияға да арызданыпты. Алайда, олар арызды қабылдамай, әжейге құрғақ уәде беріп, істі жылы жауып тастауға тырысқан екен.
Кейінірек белгілі болғандай, жоғары сынып оқушылары оқитын мектептің директоры жергілікті мәслихат депутатының келіні екен. Оның қайнісі ОҚО ІІД-де басшылық қызметте.