Соңғы жылда Қазақстанды тастап, шет мемлекеттерге өмір сүру үшін кетіп жатқан ел тұрғындарының саны күрт артып отыр. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстаннан кеткен азаматтар саны жыл сайын кеміп отырған. Ал, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш қайта өсіп келеді.
Мәселен, 2004 жылы елден 65 мың адам көшіп кетсе, 2005 жылы - 52 139, 2006 жылы - 33 мың, 2013 жылы 24 384 қазақстандық бақытын іздеп, өзге елге қоныс аударған. Ал, 2014 жылы елді тастап кеткендер саны 29 мың адамға, 2015 жылдың он айында 25 мың адамға жетіп отыр.
Бұл жерде айта кететін тағы бір жайт бар, бұған дейін елден кеткендер саны көп болғанымен, шет мемлекеттен Қазақстанға қоныс аударып келгендер саны басым еді. Яғни, оралмандар көші жүріп жатқан. Ал, қазіргі таңда Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің саны да күрт азайып кетіпті. Мәселен, 2005 жылы елімізге тұрақты өмір сүру үшін 75 мыңнан астам адам көшіп келсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 16 мыңға әрең жетті. Соңғы екі жылда келіп жатқан оралмандар саны да 10 есеге азайған.
Осы ретте Skifnews порталы өз оқырмандарының арасында сауалнама жүргізіп, Қазақстаннан тұрғындардың жаппай кетуіне не себеп екенін анықтап көрмек болды. Шамамен 20 күн ішінде саулнамаға барлығы 546 адам қатысып, өз таңдауларымен бөлісті. Оқырмандарға төмендегідей 5 түрлі жауап ұсынған болатынбыз:
- Елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі (девальвация, қымбатшылық, т.б.) - 25.6% (140)
- Олар тарихи отандарына оралып жатқан өзге ұлт өкілдері - 8.6% (47)
- Нұрлы болашақты күтіп шаршаған қазақстандықтар - 50.5% (276)
- Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше болуы - 1.8% (10)
- Идеологияның жоқтығы - 7.1% (39)
Өздеріңіз көріп отырғандай, сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы елден кетіп жатқандар биліктің уәдесін күтуден шаршағандар деп есептейді, яғни, Қазақстанның нұрлы болашағына күмәнмен қарайтындар. Ал, оқырмандардың төрттен бірі шетелге көштің себебін елдегі әлеуметтік жағдайдың ауырлығымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ, дауыс берушілердің 8,6 пайызы көшіп кеткендерді тарихи отанына оралушылар деп есептесе, 7,1 пайызы елдегі идеологияның әлсіздігінен көреді және қалған 1,8 пайыз оқырман Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке енгені демографияға кері әсерін тигізді деп есептейді.