Еліміздің бас партиясы немесе билік партиясы саналатын «Нұр Отан» отарлы патша өкіметін насихаттап отыр десек артық айта қоймайтын шығармыз. Бұлай деуімізге негіз бар. Партияның тікелей қарауындағы «Астана» телеарнасы осымен бірнеше күн бойы «Екатерина Великая» деп аталатын телесериалды көрсетіп жатыр. Бұл туралы тіл маманы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ноябрь Кенжеғараев өзінің Фэйсбуктегі парақшасында жазды.
Аталған картина аты айтып тұрғандай, Ресей империясын билеген Екатерина патшайым жайында. Оның тұсында Қазақ даласын отарлау саясаты жүргізілгені тарихтан белгілі.
«Естуімше «Астана» телеарнасы «Нұр Отан» партиясына қарасты құрылым екен. Еліміздегі билік партиясы саналатын және Парламенттегі басым көпшілікті құрайтын, елдің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын партия өз телеарнасының қандай идеология жүргізіп отырғанын неге қадағаламайды? Қазақстан қоғамына «Екатерина Великая» телесериалы не үшін қажет? Өз тарихымызды түгендеп, тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, отарсыздандыруды (деколонизация) жүзеге асырудың, Кеңес өкіметі кезінде әділетсіз айыпталған хандық билік жүйесі мен ұлт азаттығы үшін күрескен азаматтарымызды айыптауға негізделген идеологияны жоққа шығарудың орнына, Қазақ жерін саяси айлалармен уысына түсірген, қазақ жерін отарлаудың негізін қалаған Екатерина патшайымды «Ұлы» деп неге біз әспеттеп, дәріптеп, насихаттауымыз керек? Тіпті бұған көркем дүние, туынды деп қараған күннің өзінде, телесериалдан қандай көркемдікті іздейміз? Бұның артында насихат, идеология жатыр емес пе? Тұрпайы саяси көзқарас болғанымен мен Қазақстан арналарынан, әсіресе «Нұр Отан» партиясының «Астана» арнасынан бірде қазақты қан қақсатқан Сталин, бірде Екатерина туралы фильмдердің көрсетілуіне қарсымын. Астана арнасы мүмкін келешекте Голощекинді де дәріптеп сериал көрсететін шығар? «Астана» арнасының орыстілді жаңалықтарының тым Ресейшіл, Путиншіл, КСРО-шыл екенін айтпай-ақ қояйық», - дейді ғалым өзінің парақшасында.
Осы ретте айта кету керек, «Астана» телеарнасы ресейлік телесериалдармен бірге үнді кинематографистері түсірген телехикаяларды да жиі көрсетеді.
Ал, жуырда - 16 маусым күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «Астана» телеарнасына барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізген болатын. Басқосу барысында Мұхтар Абрарұлы телеарнаның ақпараттық-насихаттық жұмысына ерекше мән беріліп отырғанын да айта кетті.
- «Астана» телеканалы өзінің жастығына қарамастан, Қазақстандағы ақпарат кеңістігінде лайықты орын алып отыр. Оған сіздердің өте жоғары рейтингтеріңіз де дәлел бола алады. Оның үстіне сіздердің көрермендеріңіздің де қатары жыл сайын асып келе жатыр. Сондықтан біз осы каналдың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Елбасының барлық жоспарларын, бастамаларын, стратегиялық инициативаларын Сіздер жастарға тән жігерменен, шығармашылық шабытпенен Қазақстан халқына жеткізе береді деп сенемін, - деді Құл-Мұхаммед телеарнаға берген сұхбатында.
Бас партияның осылайша үміт артып отырған телеарнасы отарлы патша үкіметін насихаттайтын телесериалды қазақ қоғамына көрсетіп отыр.