$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанның жаңа Сыртқы істер министрі тағайындалды

Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұжымына ведомствоның жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымды қызметке Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов келді деп жазады ҚазАқпарат.

«Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалсын», - делінген Әсет Исекешев жария еткен Елбасының Жарлығында. Осыдан кейін сөз алған Қайрат Әбдірахманов ҚР Сыртқы істер министрлігіне ұдайы қамқорлық көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді. 

«Елбасының арқасында осы күндері біздің мемлекетіміз тарихи өлшемде және тарихи тұрғыдан алғанда өте қысқа мерзімде халықаралық аренада да елеулі нәтижеге жетіп отыр», - деп атап өткен ол орнына келген Бейбіт Бәкірұлына алдағы жұмыстарына табыс тіледі. 

Бейбіт Бәкірұлы 1964 жылы туған. Қазақ политехникалық институтын, Санкт-Петербор мемлекеттік экономика және қаржы университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.  

Еңбек жолын Норильск тау-кен металлургия комбинатының мыс қорытатын зауытында балқытушы болып бастады, 1985-1991 жылдары Шымкент қорғасын зауытында металл балқытушы, ауысым шебері, инженер-технолог, жетекші инженер болып жұмыс істеді. 1991-2006 жылдар аралығында коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. 2006-2012 жылдары дипломатиялық қызметте болды. Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы, Бруней-Даруссаламдағы, Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы болып тағайындалған. 

2012 жылғы қазаннан Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы, 2014 жылғы тамыздан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болған. 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған. Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметінен босатылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары