$ 498.34  519.72  4.85

Гүлшара Әбдіқалықова Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік хатшы Елбасының Қазақстан Республикасы Парламенті сессиясының биылғы 1 қыркүйектегі ашылуында айтқан «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын қарсы алу – жылдың ең негізгі оқиғасы. Бізге еліміздің барлық жетістігін саралап, маңызды нәтижелерді барлық қазақстандықтарға жеткізу өте қажет» деген сөзіне баса назар аударды.  

Г.Әбдіқалықова Ұлттық комиссия бастамашылық жасаған «25 пайдалы іс» республикалық акциясын өткізуде әйелдер қауымының зор үлесі бар екенін жеткізді. Акция аясында дарынды жетім балаларды қолдау, балалар медициналық мекемелерін сауықтыруға арналған жабдықтармен қамтамасыз ету, кәсіпкер әйелдерді тегін оқыту және басқа да әлеуметтік маңызды шаралар өтті.

Отырыста Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы тұжырымдаманы орындау барысы жөніндегі  Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараттары тыңдалды.

Әйелдер мен ерлердің теңдігін қолдау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту – БҰҰ-ның  Мыңжылдық даму мақсаттарының бірі. Бүгінгі күні Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық рейтингінде 47-орында тұр.

Сот әділеттілігіне қол жеткізе алмай жүрген әйелдерден ұлттық комиссияға жиі шағым түседі. Мысалы, 2015 жылы сотқа түскен қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің 43,1%-і – әйелдер мен балалар.

Елімізде тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған нақты шаралар қабылдануда. Заңнамалық тұрғыдан құқық бұзушыларға ықпал етудің тиімді тетіктері енгізілді. Полиция қызметкерлеріне құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме өткізу, қорғау ұйғарымын шығару, сонымен қатар сот алдында құқық бұзушылардың тәртібіне ерекше талаптар қою өкілеттігі берілді. «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңды қабылдаған кезден бері ішкі істер органдары қызметкерлері 206 мыңнан аса қорғау ұйғарымын шығарды, соттар құқық бұзушылар тәртібіне қатысты 22,5 мың ерекше талап қойды.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» аясында әйелдерді жұмыспен қамтуға ықпал ету үшін қабылданып жатқан іс-шаралар туралы хабарлады. Бүгінгі күні әлеуметтік келісімшартқа 74,8 мың әйел қол қойған, оның 46,8%-ы – ауыл тұрғындары. 2015 жылы 76,8 мың әйел адам жұмысқа орналастырылған.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне әйелдердің еңбек жағдайын жақсарту мен денсаулығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізілді. Әйелдердің еңбегін пайдаланып кетуге тыйым салынды, әйелдерге ауыр заттарды көтеруге және қозғауға шектеу қоятын нормалар қарастырылған, 287 жұмыс түрін қамтитын тізім бекітілді. 

Сонымен қатар, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясын орындау туралы Жамбыл және Батыс Қазақстан облысы әкімдіктерінің ақпараттары тыңдалды.  

Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген  Қазақстан Республикасының 2030 жылдарға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаты тұжырымдамасы жобасының таныстырылымы өтті. Ол қазіргі жағдайдың ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанда отбасылық және гендерлік саясатты жаңа сапалы деңгейге көтеруге арналған.  

Отырысты қорытындылаған Мемлекеттік хатшы қаралған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары