Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына арнайы сапармен келіп, әлеуметтік саланың, ауыл шаруашылығы мен өндірістің, халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп қайтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Елбасы алдымен «Өтеулин» шаруа қожалығына барды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен және өткізумен айналысатын аграрлық кәсіпорын қызметімен, сондай-ақ егін алқабының жай-күйімен танысты.
Қазақстан Президентіне Қостанай облысындағы астық жинау науқаны мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерімен әңгімелесті.
– Қостанай облысы ауыл шаруашылығы тауарын ең көп көлемде шығаратын өңір болып саналады. Мемлекет ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуін жалғастыра береді. Осы саланы ғылымның қазіргі заманғы жетістіктерін ескеріп, озық шетелдік тәжірибені зерделей отырып жетілдіру қажет. Бұл ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Аграрлық сала еңбеккерлері Қазақстан Президентіне өңірге жан-жақты қолдауы және ауыл шаруашылығы саласында жүргізіп отырған тиімді саясаты үшін алғыстарын білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға жемісті жұмыс пен зор табыс тіледі.
Мұнан кейін Мемлекет басшысы Қостанайдағы «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасында болды. Елбасы кондитерлік фабрикадағы бисквит цехы өндірісінің жұмысымен танысып, кәсіпорынның басымдығы бар жобалары мен дайын өнім үлгілері Президенттің назарына ұсынылды.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті тамақ өнеркәсібі мен өңдеу өнеркәсібі өнімдері көрмесінің экспозициясын аралап көрді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өңірдегі ірі кәсіпорындар шығаратын электромобиль үлгілерімен танысты. Олар «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде көпшілік назарына ұсынылатын болады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 1,5 мыңдай адам еңбек етеді. Кәсіпорын өз тауарын Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Германия, Қытай және т.б. бірқатар елдерге экспорттайды.
Елбасының облысқа жасаған сапары «АгромашХолдинг» зауытында жалғасты. Аталған кәсіпорын соңғы алты жылдың ішінде 4000 машина құрастырып шығарды, соның барлығы да сатылып, иесін тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы «АгромашХолдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дин Кимнен шетелдік техникалар мен жергілікті зауыт құрастырған машиналардың айырмашылығын сұрады. «Шетелдік машиналар біздің құрастырып шығарған машиналарға қарағанда 3 есе қымбат және олардың техникалық шамасы 10-15 пайызға төмен», деп жауап берді Дин Ким. Зауыт құрастырған машиналар үшін қуатты сервис желісін құрудың арқасында ішкі нарықтың 40 пайызын қамтып отыр. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу межеленген. Сонымен қатар, «АгромашХолдинг» зауытының машина құрастыру үдерісінде қазақстандық үлес 50 пайызды құрайды.
Көрмеде Елбасы жұмыртқа өндіретін және ет өңдейтін кәсіпорындар жанына тоқтады. Қайрат Маишев басқаратын «Жас қанат-2006» құс фабрикасына өткен жылдары жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында жылына 220 миллион жұмыртқа өндіреді, 229 адам жұмыспен қамтылған. Келесі жылдан бастап құс етін өндіретін өңдеу желісі іске қосылады. Ал Алмат Тұрсынов облыста ет өндірісін заманауи дамытуға ізденіп жүрген кәсіпкер. Ол құрған «Қарасу-Ет» ет комбинаты ет өнімдерінің түр-түрін өндіреді, Ресейге шығарады. «Қарасу-Ет» өндірген ет өнімдері Қостанайдағы және тағы басқа қалалардағы ең үздік мейманханаларды қамтамасыз етеді. Елбасы, сонымен қатар, көрмеде өсімдік майын, тез пісетін кеспе, сүт өнімдерін, ауыл шаруашылығы техникаларын, көкөніс өндіретін кәсіпорындар өнімдерін назарынан тыс қалдырмай, кәсіпкерлермен пікірлесуге уақыт тапты. Өнімдер сапалылығымен, нарықта өз орнын табуымен тәнті етті.
Мұнан кейін Елбасы «СарыАрқаАвтоПром» зауыты көрсеткен электромобиль машиналарын аралады. Негізі бұл кәсіпорын отандастардың машинаға деген сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Зауыт автобустардың, жүк және жеңіл жүрдек машиналардың бірнеше түрін шығарады. Экспортқа шығарылатын Қазақстанда жасалған төрт түрлі машинаның үшеуі қостанайлық «СарыАрқаАвтоПром» зауытына тиесілі екенін айтты Нұрсұлтан Назарбаевтың сұрағына жауап берген AllurGroup директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев. Соңғы уақытта зауыт электромобильдерді сапқа қоя бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы электромобильдің біреуінің руліне өзі отырып, жүргізіп көрді. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Астана қаласында электромобильдерді электр энергиясымен қуаттайтын 100 станса салу жобасы қаралып жатқанын да жеткізді зауыт өкілі.
Сапар соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыстық филормония ғимаратында Қостанай жұртшылығымен кездесті.
Басқосуға өз ісінің кәсіпқой маманына айналған әртүрлі қызметтегі азаматтар, еңбек сіңірген ардагерлер, жастар лидерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы жиналған қауымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, республиканың елеулі жетістіктерін атап өтті.
– Біздің барлық жетістігіміз мықты іргетасқа – ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа негізделген. Ұлттық бірлік пен келісім – Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Саясатта, экономикада, қоғамда, мәдениетте түбегейлі өзгерістер болды. Мемлекетіміздің халықаралық беделі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, сындарлы сыртқы саясатымыз және әлемдік антиядролық қозғалыстағы барша жұрт мойындаған көшбасшылығымыз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануына септігін тигізді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміз ширек ғасырда әлем жұртшылығына танылып, әлеуметтік-экономикалық және мәдени әлеуетіміздің артуына септігін тигізген ауқымды нәтижелерге қол жеткізгеніне тоқталды.
– Келер жылы Қазақстан «ЭСКПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ТМД аумағында бірінші болып өткізгелі отыр. Бұл іс-шараға 100-ден астам ел және көптеген халықаралық ұйымдар қатысады. Қазақстанның әрбір өңірі осы тарихи оқиғаны табысты өткізуге қомақты үлесін қосуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай жері Қазақстанның негізгі астықты аймағының бірі екенін айрықша атап айтты.
– Дамыған тау-кен және машина жасау секторлары бар ірі аграрлық-өнеркәсіп кешені осы өңір үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де мықты экономикалық база болып саналады. Қостанай – ауыл шаруашылығы дамыған басты өңірлердің бірі, бұл өңір еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қомақты үлес қосуда. Облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 25 жыл ішінде 295 миллиард теңгеге дейін өсті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ өңірдің ресурстық әлеуетіне және дамыған өнеркәсібіне назар аударды.
– Мұнда асбест қорының 100%-ы, республикадағы алюминий шикізатының 98%-дан астамы және темір рудасының 93%-ы шоғырланған. Индустрияландыру жылдарында облыста 121 миллиард теңге инвестиция тартылған 82 жоба іске қосылды. Осыған орай 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру автомобиль құрылысы мен металлургия сияқты өңдеу өнеркәсібінің жаңа секторларын қалыптастыруға мүмкіндік тудырды. 2010 жылдан бері 29 мыңға жуық жеңіл автокөлік құрастырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы өңірдің көлік және әлеуметтік инфрақұрылымын кешенді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Облыс тұрғындары үшін «Алтынсарин – Хромтау» және «Арқалық – Шұбаркөл» бағытындағы жаңа теміржолдар құрылысы маңызды оқиға болды. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін берді. 25 жыл ішінде өңірде 5 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Қостанайлықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірге ұдайы көрсетіп отырған қамқорлығы және тиімді мемлекеттік саясаты үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ кездесу барысында Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және оны дамыту перспективалары туралы баяндады.
Соңында Мемлекет басшысы жиналған қауымды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, оларға береке-бірлік пен табыс тіледі.