$ 446.49  475.38  4.79

Семейде бірнеше мәрте қолдануға болатын медициналық маска шығарылып жатыр

«Аз уақытта, ең ұзағанда екі аптаның ішінде 1,5 миллион маска дайындаймыз. Қысқа мерзімде 6 миллион маска шығаруымыз керек», – деді Даниал Ахметов.

Семейде күніне 100 мың бірнеше мәрте қолдануға келетін медициналық маска шығарыла бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңір билігінің хабарлауынша, бұл облыстағы бетперделерге деген сұранысты толықтай қамтамасыз ететін көрінеді. Бетперделер өндірудегі негізгі жұмыс көлемін Семей қаласындағы тігін фабрикалары орындауда. Олардың бірі – «Семейспецснаб» кәсіпорны.

Аталмыш кәсіпорын жұмысты тәулік бойы үздіксіз жүргізіп отырмақ. Ал медициналық бетперделер бірінші кезекте медицина қызметкерлеріне, зейнеткерлерге, балаларға, студенттерге, мұғалімдер мен кәсіпорындардың жұмысшыларына берілмек.

Қазіргі уақытта аталған кәсіпорындағы барлық жұмысшылар бетперде тігумен айналысып жатыр. Бірнеше қабат матадан тігілген маскалар жууға ыңғайлы.

Шикізат жеткізуші Сәуле Тағаеваның айтуынша, кәсіпорынға қажетті материалдар Өзбекстан мен Ресейден жеткізілуде. Қазір шикізаттың алғашқы партиясы жеткізілсе, келесі партиясы наурыз айының 26-сына қарай әкелінбек.

Жұмыс үрдісіне облыстағы 10 кәсіпорын жұмылдырылған. Олардың барлығы бірінші кезекте осындай құралдарды өндірмек. Солардың бірі – «Ук Юнис» ЖШС. Бұл кәсіпорынның бір ерекшелігі, шикізатты толықтай өздері дайындап шығарады.

«Аз уақытта, ең ұзағанда екі аптаның ішінде 1,5 миллион маска дайындаймыз. Қысқа мерзімде 6 миллион маска шығаруымыз керек. Осылайша, өңір тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етеміз. Сол себепті, қазіргі уақытта бізге тыныштық пен сабырлықты сақтаған жөн. Біз өз тарапымыздан коронавирусқа қарсы тұруда өте маңызды аталмыш медициналық құралмен халықты бірінші кезекте қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз», – деді кәсіпорын жұмысымен танысқан өңір басшысы Даниал Ахметов.

Мысалы, бүгінде Шығыс Қазақстанның елді мекендеріндегі дәріханаларда медициналық маскалардың тапшылығы сезілуде. Әлеуметтік желілерде көпшіліктің талқысына түскен бетперде тақырыбындағы пікірталастың басым бөлігі олардың бағасына келіп тіреліп отыр. Атап айтсақ, желі қолданушылары медициналық бетперделердің бағасы 50 теңгеден 250-300 теңгеге шарықтап кеткенін жарыса жазуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары