Осыдан дәл үш ай бұрын 19 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтанда қатаң карантин режимі енгізілген болатын. Қалаларда санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтіліп, базарлар, сауда орындары, салон, фитнесс-орталықтар жабылып, қалаға кіріп-шығуға тосқауыл қойылды. Бүгінде карантин режимі толықтай аяқталмаса да, төтенше жағдай режимі аяқталған соң, қатаң шектеу шаралары да сәйкесінше тез алынып тасталды. Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 16 779 адамда коронавирустық инфекция тіркелді. Оның 10 411-ы жазылса, 113 науқас көз жұмған. Онымен қоймай, күн санып науқастар саны көбеюде. Осы орайда, карантинді инфекция саны аз кезде енгізу қаншалықты дұрыс шешім болды деген сұрақты Stan.kz мамандарға қойып көрді.
"Аман-саулық" қоғамдық қорының жетекшісі Бахыт Түменова эпидемия енді ғана басталғанда карантин шараларын енгізу дұрыс шешім болғанын айтады.
"Жағдай қиындағаны рас, экономикалық проблемаларға байланысты деп ойлаймын, карантин шараларын алып тастауды тездетіп жіберген сияқты. Әсіресе, Алматы қаласында. Инфекция жағдайларының өсуі Алматының шет жақтарын ашумен де байланысты шығар. Қазір тағы да карантиндік шараларды қайта күшейту заңды әрекет. Дәрігерлер қосымша орындар дайындап жатыр. Жақында Денсаулық сақтау басқармасының бас инфекционисі не істеу керектігі жайында нақты шараларды атап өтті", - дейді ол.
Айтуынша, бар проблема - деструктивті, жалған ақпараттың көптігінде және оған адамдардың сенетіндігінде.
"Бастапқыда науқастар саны он шақты болып тұрған уақытта карантин қабылдау өте дұрыс болды. Егер бұлай болмағанда науқастар саны күрт өсіп, медицина мұны көтере алмай кетер еді де, ауыр жағдайларды шеше алмас еді. Сондықтан ақырын-ақырындап карантин шараларын енгізгендері жөн болды деп есептеймін. Мәселе деструктивті ақпараттың көптігінде. Коронавирустық инфекцияны өтірік деген ақпараттың таралып, жарты халықтың осыған сеніп, карантин шараларын сақтамағанында болып отыр. Кафе, ресторандар жабылса да, ас беріп, той-томалақ өткізіп жатты", - дейді Бахыт Ниязбековна.
Одан бөлек, карантин режимін тез алып тастағаны жөнсіз болған сияқты, дейді ол. Айтуынша, карантин шараларын жеңілдетуді біртіндеп жүзеге асыру керек еді. Сондай-ақ, қабылданған шаралардың барлығы дұрыс болған-болмағанын бағалау қиын.
"Себебі бұл жаңа инфекция және оны толықтай білмейміз. Тіпті ДДСҰ-ның кеңестері де екіұшты болды: маска тағу керек десе, енді бірде тақпаса да болады деп жатты.
Осы сенбі, жексенбі күндерінде карантиндік шараларды күшейтті, бұл да дұрыс шешім деп есептеймін. Сондай-ақ, бұған тек дәрігерлер ғана емес, бүкіл қоғам атсалысуы қажет", - дейді Бахыт Ниязбековна.
Медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық белсенді, дәрігер Қайырғали Конеев те санитарлық қызметтер бастапқы инфекцияны ауыздықтау мақсатына жете алмады дейді.
"Эпидемия енді ғана басталғанда карантин шараларын енгізу дұрыс шешім болды. Санитарлық қызметтерге инфекцияны ауыздықтап, таралмауын қамтамасыз ету керек болды. Бірақ өзіміз көріп отырғандай бұл мақсатқа қол жеткізе алмадық. Естеріңізде болса, карантин басында тест құралдарының жетіспеушілігінен диагностика жасау қиын болды. Денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылық шараларының дұрыс болмауынан коронавирустық инфекция бақылаудан шығып кетті де, енді өз бетінше таралып кетті. Қазіргі уақытта карантинді енгізу жөнсіз, себебі коронавирустық инфекция халық арасында таралып үлгерді", - дейді дәрігер.
Оралдағы № 4 емханасының дәрігері Әділбек Нұрымбет Беларусь сияқты карантин режимін мүлде енгізбеу керек еді, дейді.
"Басында енгізгенде дұрыс көргенмін, ал енді қазір ойлап отырсам, бұл ауруды бұрын енгізгенде де, қазір енгізсе де, тоқтата алар емес. Басында нақты ештеңе белгілі болмағандықтан, карантин енгізілді. Ал енді қарап отырсақ, бәрі толықтай ауырып шыққаны дұрыс екен, сол арқылы адамдарда иммунитет қалыптасады. Бәрібір мемлекет вирусты ұстай алмайды. Карантинді қай уақытта енгізсе де, оның пайдасы жоқ. Себебі сақтану мүмкіндік болмай тұр, жұғу қауіпі жоғары, вирус аурулары бұрын күн ыстықта жойылушы еді, мұнымен олай емес", - дейді дәрігер.