$ 494.87  520.65  4.91

Малшылар коронавирустан жабайы жуа жеп аман қалғанын айтты

Жуа жегендер пневмониямен де, коронавируспен де ауырмадық дейді.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

Қызылорда облысының халқы коронавирустың алдын алу үшін құмның арасынан жабайы жуа теріп жүр. Малшылар қауіпті вирус өңірге тарай бастағанда осы өсімдікті жеп, аман қалғанын айтады. Қазір сексеуіл мен құмның арасынан жуа іздеп жүргендердің қарасы артқан.

Бір қызығы, кешегі маусым-шілдеде ауру күшіне мінгенде құмның арасында жүрген шаруалар аудан мен облыс орталығына ем іздеп жүгінбепті. Яғни, дәрігердің көмегіне зәру болмаған.

Құм мен сексуіл арасында мал баққан Қармақшы тұрғыны Бекболат Ералиев 9 жасар немересімен жаз бойы жабайы жуа теріпті. Үй ішімен сол өсімдікті жеп коронавирустан қорғандық дейді.

«Жұрт жаппай пневмониямен ауырып, өңірде карантин жариялағанда, құмның арасындағы адамдар ауырмады. Маска да таққан жоқ, жапа-тармағай дәрі де іздемедік, дәрігерлерді де мазалаған жоқпыз. Тек жабайы жуаны теріп жедік. Оның емдік қасиеті өте жоғары. Езіп жіберіп, терең тыныстап иіскесе, тыныс жолдарын тазартады. Күніне бірнеше талын жесе, ағзадағы вирустарды жойып қана қоймай, тұмаудан сақтайды», - дейді қария.

Қызылорда облысындағы даланың қойнауында шипалы шөптердің елуден астам түрі бар. Соның ішінде жабайы жуа қазір жергілікті халықтың үлкен сұранысына ие. Сабағы қуыс жабайы жуаның тамыры да терең емес болғандықтан қазып алу да оңай. Тұрғындардың пайымынша, бармақтай ғана бір жуаның құрамында он шақты ащы сарымсақтың күші бар.

Коронавирустың екінші толқыны болады дегенді естіген Қармақшы халқы қазір тағы да жабайы жуа теріп жүр. Олар аталған шөп тым құрығанда, маусымдық тұмаудан сақтайды дейді.

«Әкем теріп әкеліп бәрімізге жегізеді. Үйден үзілмейді. Кешегі карантин кезінде үйде тамаққа қосып та жедік. Алақанға езіп, иіскейміз. Сорпаға қосып ішкен де жақсы. Соның әсері болар, ел жаппай ауырып жатқанда, біздің отбасымызға вирус жоламады», - дейді Қармақшы ауданының Айдана есімді тұрғыны.

Қызылорда облысы Тұран ойпатының жазық алқабында жатыр. Шығысында – Қаратау, солтүстік-батысында Қарақұм, ал оңтүстік-батысында Қызылқұммен шектеседі. Сексеуілді шөл даланың арасында мал шаруашылығымен айналысып, жеке дара отырған үйлер өте көп.

«Көктемде жабайы жуаны көп тердік. Табиғаттың сыйы ғой. Қазақоны бұрыннан жеген, емдік қасиетін білген ғой. Құмның арасында түйе, жылқы бағып, ірі қара мал өсірумен айналысамыз. Сексеуілдің арасында аттан түсе салып, жуа тереміз. Балаларға тамаққа да қосып, нанға да жағып жегіздік. Жабайы жуаны негізінен, көктемде терген жақсы, қазір сабағы қурап қалғандықтан табу қиын. Жуаны құмның арасынан, дәрілік қасиеті бар қызыл мияны өзеннің жағасынан, ылғалды жерлерден тердік. Қасиетті даланың құдіреті шығар, мал баққан өзге де таныстардың арасында коронавируспен, мына жаман вируспен ауырғандар болмады», - деді Сырдария ауданында ірі қара малын өсірумен айналысатын Тұрсынбек Сұлтанұлы.

Қызылорда облыстық Статистика департаментінің мәліметінше, мал өсірумен айналысатын үш жарым мың шаруа қожалығы бар. Соның ішінде ірі қара өсіретін – 1600, қой өсіретін – 1400, түйе шаруашылығымен айналысатын – 150, жылқы бағуды кәсіп қылған 350 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың қолында 352,6 мың бас сиыр,  761,9 мың бас қой мен ешкі, 153,8 мың бас жылқы, 53,2 мың бас түйе бар.

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары