Ел басына күн туғанда кімнің кім екенін байқалады.
Қазақстан халқы үшін биылғы су тасқыны үлкен апатқа айналды. Еліміздің 10 аймағында төтенше жағдай тудырған залалдың салдарымен күресуге мемлекеттен бөлек ірі компаниялар мен бизнес өкілдері көмек қолын созуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Табиғи апат ауқымы үлкейе бастағанда-ақ Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету ісінде бизнес өкілдерін шетте қалмай, көмек қолын созуға шақырды.
Ал Қостанай жұртшылығымен жүздесуінде Президент су тасқыны салдарымен күресу үшін Forbes тізіміндегі ірі бизнесмендермен арнайы кездесіп, оларға әр облыс-аудан бекітіліп, нақты міндет жүктелетінін айтқан болатын.
Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Су тасқыны басталысымен бірқатар квазимемлекеттік және жекеменшік компаниялар қазақстандықтарға көмек көрсетуге жедел ден қойды. Ендеше, су тасқынының зардабын жою бойынша, бүгінге дейін ірі көлемде қаражат аударған отандық компаниялардың тізімін ұсынамыз. Олардың қатарында, мемлекеттік және жекелеген қорлар, екінші деңгейлі банктер мен ірі өнеркәсіп орындары да бар.
Сондай-ақ, еліміздегі танымал тұлғалар мен жекелеген кәсіпкерлер, өнер жұлдыздары да тасқын судан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету мақсатында миллиондап қаржы аударды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері, еліміздегі атымтай жомарт жандар да, көмекке деп күн сайын ірі көлемде қаржы аударып жатқанын жеткізді.
1. «Самұрық-Қазына» Қоры – 15 млрд теңге
2. «Қазақстан Халқына» Қоры – 10 млрд теңге
3. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» Ақ – 3 млрд теңге
4. «Теңізшевройл» ЖШС – 2 млрд теңге
5. Chevron – 1,3 млрд теңге
6. Тимур мен Динара Құлыбаевтарға қатысы бар Halyk Тобы – 1 млрд теңге
7. Тимур Турловтың Freedom Holding Corp-сы – 1 млрд теңге
8. Air Astana Тобы – 1 млрд теңге
9. Kazakhmys және Kaz Minerals – 800 млн теңге
10. Болат Өтемұратов Қоры – 10 млрд 680 млн теңге
11. Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзенің Kaspi банкі – 620 млн теңге
12. Нұрлан Смағұловтың Astana Motors-ы – 500 млн теңге
13. Bi Group – 500 млн теңге
14. Андрей Лаврентьевтің Allur, Qaztehna, Qarmet компаниялары – 500 млн теңге
15. Eurasian Resources Group – 500 млн теңге
16. BI group – 500 млн теңге
17. Qazaq stroy құрылыс компаниясы – 500 млн теңге
18. Jusan Bank – 300 млн теңге
19. Ordabasy Group холдингіне кіретін "Қазақстандық коммуналдық жүйелер" компаниялар тобы – 300 млн теңге
20. Банк Центркредит – 200 млн теңге
21. Еуразиялық Банк – 200 млн теңге
22. Bank RBK – 150 млн теңге
23. Ptc Holding – 150 млн теңге
24. Qazaqoil – 150 млн теңге
Кәсіпкерлер мен танымал тұлғалар:
1. Тимур Құлыбаев – 30 млрд теңге
2. Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе – 20 млрд теңге
3. Бахаридин Аблазимов – 2,7 млрд теңге
4. Әсел Тасмағамбетова – 1,2 млрд теңге
4. Бетперде Киген Жігіт – 450 млн теңге
6. Арман Тосқанбаев – 150 Млн Теңге
7. Ерлан Қожасбаев, Ораз Жандосов, Nan Yi – 100 млн теңге
8. Өнер Жұлдыздары – 30 млн теңге (қаражат жиналуда)
9. Марғұлан Сейсембай – БҚО-на гуманитарлық көмек пен арнайы техникалар жіберді
10. Димаш Құдайберген – 15 млн теңге
11. Бағжан Октябрь – 5 млн теңге
Сондай-ақ әнші Ерке Есмахан жолдасы Райым екеуі әр түрлі қорлар арқылы барлығы 6 млн қаржы көмек аударғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекеттен берілетін көмектің толық тізімі
Су тасқыны салдарынан мүлкі бүлінген азаматтар қайда өтініш жазады? – Инфографика
Кімдер көмек қолын созбады?
Дегенмен су тасқынына қатысты күрделі ахуал әлі де болса елдегі байлардың кейбіріне маса шаққан құрлы болмаған секілді.
Мысалы, Сәрсеновтер отбасы Forbes рейтингінде сегізінші орында тұр. Олардың байлығы өткен жылы 950 миллион доллар деп бағаланған. Ірі холдингтердің бірі – «Нұрбанк» АҚ, сондай-ақ Helios жанармай құю станциялар желісі, Алматыдағы Ақсай нан зауыты, «Французский дом», Beautymania, Beauty Planet және Imperial Home сауда желілері және т.б. Басқа банкирлер миллиондаған сома аударып жатқанда, олардың материалдық көмек көрсеткені туралы ақпарат жарияланған жоқ, деп жазады Ulysmedia.kz сайты.
Беловичтер отбасы Форбес Қазақстан тізімінде 10-орынды иеленеді. Олардың байлығы – 790 миллион доллар. Александр Белович ұлы Павелмен бірге «Базис-А» құрылыс корпорациясына иелік етеді. Зардап шеккендерге көмектескені туралы еш жерде айтылмады.
Форбс Қазақстан тізімінде 14-ші қатарда Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева тұр. Экс-президенттің үлкен қызының қандай активтері барын елестету қиын, бірақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі сәнді үйлер туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарында мезгіл-мезгіл шығып тұрады. Бұл ретте Forbes рейтингтің 29-шы қатарында тұрған ұлы Нұрәлі Әлиев екеуінің иелегінде «Европа плюс Қазақстан» ЖШС бар екенін, ол арқылы «Radiocity» телерадиокомпаниясы ЖШС және НТК телеарнасынан пайда көріп отырғанын анықтады. Алайда олардың қайырымдылық көрсеткен-көрсетпегенін ешкім білмейді. Оның үстіне олардың 155 миллион доллар байлығы бар туысы Нұрбол Назарбаев та үнсіз қалды.
Рейтингтің 17-ші қатарында Владимир Жұманбаев тұр. Оның байлығы 440 миллион долларға бағаланған. «Вертекс Холдинг» ЖШС арқылы «Goldstone Minerals» АҚ-ның акцияларын бақылайды және «Kaz Green Energy» ЖШС мен «Unitair» ЖШС акцияларына ие, сондай-ақ «АК Алтыналмас» АҚ, «Қаражыра» АҚ акцияларының 20%-на иелік етеді. Қазақстандықтарға көмек қолын созғаны туралы ақпарат жоқ.
418 млн доллары бар Сергей Кан және 398 млн доллары бар Александр Клебанов «ЦАЭК» АҚ және «ЦАТЭК» АҚ акцияларына теңдей иелік етеді. Соңғысының есімі Екібастұздың ЖЭО-да болған апатқа байланысты қазақстандықтарға етене таныс. Алайда Клебановтар тапқан табысынан зекет беруді ойлап отырмаған секілді.
Forbes нұсқасы бойынша Фаррух Махмудов 385 миллион доллар байлығымен 22-орында тұр. Ол автосалондарға иелік ететін «Орбис Қазақстан» компаниялар тобын, сондай-ақ «Ақсайгазсервис» АҚ және «Автодом» ЖШС мұнай сервисін құрды. Оның қайырымдылық көмегі туралы да ештеңе білмейміз.
Одан кейін 360 миллион доллар байлығымен Сейітжановтар отбасы тұр. Олар «Оңтүстік ФТПК», мұнай-газ бойынша «Саутс Ойл» ЖШС, бұрғылау бойынша «Смарт-Ойл» ЖШС, «Стандарт Цемент» зауыты, құрылыспен айналысатын «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС және «Ақ-Жол ТрансСервис» ЖШС-іне иелік етеді. Аты аталған олигархтардан көмек қорына бір тиын да түспеген.
Су тасқыны салдарымен күреске қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлардың барлығын қосқанда шамамен 156,442 млрд теңге қаржы бөлінді.
Ел басына күн туғанда кімнің кім екені байқалады ғой. Осы қысылтаяң кезеңді қолданып ақша тауып қалғысы келгендер де жоқ емес.
Қаржылық мониторинг агенттігі гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттың жұмсалуын және көмекке жіберілген қаржының мақсатты пайдалануын, зардап шеккен барлық азаматтарға нақты ұласуына тексеру жүргізді.
Тексеру барысында қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында жымқыру белгілері бойынша төрт іс қозғады.
5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты.
Ал қазіргі сәтте су тасқынының беті қайтқандай көрінгенімен Атырау облысы әлі де қауіпті жағдайда тұр. Атырау облысындағы Индер ауданында Жайық өзені шектік деңгейден 11 сантиметрден асып түсті. Жайық өзенінің жағасында орналасқан ауылдарда тәулік бойы кезекшілік пунктері ұйымдастырылып, бөгеттерді көтеру және нығайту бойынша жұмыстар жалғасуда.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Су тасқыны: Қазақстанда экономикалық дағдарыс бола ма?