$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтан бір миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді

Оларға тиесілі жерлердің біреуінде тікұшақ қонатын алаң орналасқан.

Алматыда мемлекет активтерін қайтару жұмыстары аясында қылмыстық топтың бір миллиард теңгеден аса мүлкі тәркіленді.

Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жалған кәсіпкерлік пен ақшалай қаржыны қолма-қол айналдырып келген ұйымдасқан қылмыстық топ 2017 жылы құрықталып,  сотталған. Енді бұл топқа қатысты мүліктер тәркіленіп отыр.

"86 жалған кәсіпкерлік ашып, қылмыскерлер 87 миллиард теңгеден аса қаражатты қолма-қол айналдырып, 27,7 миллиард теңгеге салық төлеуден жалтартқан. Олар қылмыстық жолмен алынған қаражаттарын мүліктерді сатып алу арқылы заңдастырған", - деді ведомство қызметкерлері.

Сот үкімі бойынша, қаладағы беделді ауданда орналасқан 1,3 мың шаршы метрге жуық көлемде тұрғын үй құрылысы бар жалпы көлемі 1,4 гектар болатын екі жер телімдері қайтарылды. Жерлердің біреуінде тікұшақ қонатын алаң орналасқан. Ол нысанның шамамен нарықтағы құны - 1 миллиард теңге.

Сонымен қатар, прокурорлар анықтағандай, қылмыскерлер мүліктерін тәркілеуден жалтарту үшін "пиғылды" жоспарды жүзеге асырған. Осылайша, жер телімдері сотталғандардың біреуінің әкесінің иелігіне шығарылған. Кейін сот үкімін орындаудан жалтару үшін жылжымайтын мүлік төрт мәрте үлестес тұлғалардың арасында жер телімінің конфигурациясын өзгерту арқылы жүзеге асырылған. Жалған мәмілелерді жасау нәтижесінде мүлік қағаз жүзінде сотталғандардың біреуінің қызына қайтарылған.

Бұдан бөлек, осындай "пиғылды" жоспарларды жүзеге асырып, мүлікті сақтап қалу үшін жер телімдерінің кезекті иелерінің бірі қасақана жалған некеге отырған.

"Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасы аталған мәмілелерді, жалған неке туралы мәмілені заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінді. Жүргізілген  ауқымды сот процестері, сондай-ақ азаматтық істің апелляциялық сатыда қаралу нәтижесі негізінде, қадағалау органының талап арызы толығымен қанағаттандырылды. Қабылданған шаралар мемлекет пайдасына бағалы мүліктердің қайтарылуына негіз болады", - делінген хабарламада.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары