$ 495.2  522.34  4.94

ТОП-5. Қазақтың тұңғыш әйел ұстаздары кімдер?

Тарихқа қазақ әйелдеріне білім беру және қалың мал сияқты ескірген дәстүрлерді жою арқылы фемактивист ретінде кірді.
Фото: Томирис Мұхаммедджан
Фото: Томирис Мұхаммедджан

Қазақ даласында ХІХ ғасырдың соңында ағартушылық мәдениеті келе бастады. Күллі қазақ баласы ғылым алуға, кәсіп үйренуге, білім алуға ден қойды. Олардың арасында қазақ қыздары да білім үйреніп, білгенін өзгелерге үйрете білді. Бірақ бізге жеткен ашық деректер бойынша, бұл туралы ақпарат өте аз. 

Оразбибі Махмұдова 

Оразбибі Махмұдова - қазақ даласындағы алғашқы педагог. Ол 1902 жылы Семейде дүниеге келген. Семейдегі 2 жылдық педагогикалық курсты тәмамдап, мұғалім болып шығады. Сол жылдардағы мұғалімдік курсты алғашқылардың бірі болып бітірген Оразбибі Махмұдова еңбек жолын №12 совет қазақ мектебінен бастаған. Онымен бірге қазақ әйел мұғалімдері Жұмабике Ибрагимова, Нәзипа Құлжанова, Жәмилә Кәрімова, Айтбану Көркембаева, Бәтимә Татубаева жұмыс істеп, қарапайым халыққа сауат ашуды үйреткен.

Нәзипа Құлжанова (1887-1934)

ҚР Ұлттық кітапхана

ҚР Ұлттық кітапхана

Нәзипа Құлжанова 1887 жылы Торғай қаласында дүниеге келген. Нәзипа Құлжанованы мұғалімдіктен гөрі тұңғыш журналист, этнограф, аудармашы ретінде танитынымыз рас.  Бірақ ол 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын тәмамдағаннан соң, бірден Торғайдағы қыздар училищесінде, кейін Семейдегi мұғалiмдер семина­риясында сабақ береді. Ұстаздығымен қатар Нәзипа Құлжанова ағартушылықпен айналысып, тұңғыш педагог-ғалым атанады. Сондай-ақ, көлемді іс-шаралар ұйымдастырған. Соның бірі 1914 жылы Семей қаласында Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай поэзия кешін ұйымдастыруы еді. Осы шарада Ахмет Байтұрсынұлы оған өлең арнап, 1924 жылы шыққан "Ана мен бала" атты еңбегiне алғысөз жазған.

Нағима Арықова (1902-1956)

ҚР Ұлттық кітапхана

ҚР Ұлттық кітапхана

Нағима Арықова 1902 жылы Верный қаласында дүниеге келген. 1918 жылы Ташкентте педагогикалық курсты бітіріп, Семей мен Мәскеуде білімін жетілдірген. Алматы мен Семей қаласындағы мектептерде мұғалім болған. Кейіннен РК(б)П Ceмей губерниялық комитетінің нұсқаушысы, әрі қарай БК(б)П Батыс Қазақстан обкомының мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі, "Сталин жолы"  журналының редакторы, Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру халкомы қызметтерін атқарған. Кейін Қазақтың мемлекеттік баспасында редактор, редакция меңгерушісі болды. Ол ұстаздықтан бастаған қызметін әрі қарай жалғастырып, қазақ әйелдерінің теңдігін қорғап, олардың сауатын ашу, мәдениетке баулу ісіне елеулі үлес қосқан тұлға.

Алма Оразбаева

Алма Оразбаева 1898 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ордадағы жоғары бастауыш ерлер мектебі жанындағы 3 жылдық курсты тәмамдап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Ұстаздық жолын Новая Казанка ауылынан бастайды. 1917 жылы Ордада өткен мұғалімдер съезіне қатысып, бірнеше мәселенің шешуіне ықпал етеді. Оның ішінде қазақ қыздарының құқығын қорғау, білім алуы мәселелері де қамтылды. Сондай-ақ, Алма Оразбаева тарихқа қазақ әйелдеріне білім беру және қалың мал сияқты ескірген дәстүрлерді жою арқылы фемактивист ретінде кірді. 

Рафиқа Нұртазина 

                                wilipedia.kz

Рафиқа Нұртазина  - педaгoг-әдістемеші, ғалым, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім. Ол Павлодар облысы, Павлодар ауданы, 6-ауылда дүниеге келген. Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының (қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті) филология факультетін бітірген. 1951-71 жылдары Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1971 жылдан сол мектептің директоры болды. 1972 жылы республикалық педагогикалық қоғамның төрағасы болып сайланды. Рафиқа Нұртазина 40-тан астам ғылыми әдістемелік еңбек дайындап, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысқан. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов "Рафиха орыс-украин жұртының Лев Толстойы, Ушинский, Макаренкосы, Сухомолинский, қазақтың Ыбырай Алтынсарины, Спандияр Көбеев, Құмаш Нұрғалиевы сияқты аса атақты педагогтар қатарына қосылады. Қара тасты қақ жарып, шыңға шыққан еңлік гүлдей, қазақ әйелдерінен ұстаз-ғалым, ұстаз-жазушы, ұстаз-қайраткер болып, қоғамның биік баспалдағына көтерілген аналардың бірі де, бірегейі де осы - Рафиқа Бекенқызы" деп баға берген.

Дереккөз: bugin.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары