$ 449.3  489.69  4.89

«7-20-25»: жеңілдетілген ипотека кімге беріледі?

Осы аптада Қазақстанның Ұлттық банкі Үкімет отырысында  «7-20-25» бағдарламасының жобасын таныстырды. Бас банкир ипотека үлестірумен айналысатын компанияның құрылатын уақытын белгілеп, арзан ипотеканың қалайша берілетінін түсіндірді. Айта кетерлігі, Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев командасы 7 проценттік ипотеканың есебін де жасап шыққан екен. Ал, Қазақпарат порталы болса жаңа бағдарлама бойынша берілетін несиелердің халыққа қаншалықты қолжетімді болатынын сараптап көріпті.

Ұлттық банктің қазіргі жоспары бойынша алдымен жаңа ипотекалық компания құрылады. Аталған қаржы ұйымы толығымен Ұлттық банкке қарайды. Былайша айтқанда, соның еншілес компаниясы болады. Ал Ұлттық банк жаңадан құрылатын компанияға қаражаттың бір бөлігін құяды, қалғанын ипотекалық компания өзі нарықтан тартады, облигация шығарады және тағысын тағы. Осылайша, нақты бір қаржы қоры қалыптасады. Осы жолмен тартылған қаражатқа халықтың банктен алған ипотекалық несиелері сатып алынады. Соның арқасында жылдық мөлшерлеме 7 процентке дейін төмендейді деп отыр. Алайда жаңа бағдарламаның нақты бір шарты бар. Ол - әрбір азаматтың төлем қабілеттілігі. Бір сөзбен айтқанда, баспана алғысы келетін адамның жалақысы арзан ипотекаға жетуі керек.

«Жаңа бағдарлама әркімге жеңілдік шарттарын береді. Алайда бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс. Бағдарлама қарыз алушының төлемге қабілетті болуын талап етеді. Оған ресми кірісі бар Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қазір банктермен жаңа бағдарламаның шарттары пысықталуда. Мысалы, үйдің бағасы 7 миллион теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жалпы алғанда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының көпшілігі үшін қолайлы», - дейді Данияр Ақышев.

Қазіргі жобада баспана бағасы мен ипотекалық заемның шекті сомасы да белгіленіп отыр. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында 7 проценттік ипотекамен алынатын үйдің бағасы 25 млн теңгеден аспауы шарт. Ондайда несиенің шекті соммасы 20 млн теңге (қалғаны алғашқы жарна - авт.) болады. Басқа аймақтар үшін үйдің бағасы 16 млн-нан, ал арзан ипотеканың сомасы 13 млн теңгеден аспайды. Ұлттық банктің есебіне сәйкес, 7 млн теңгелік ипотеканың бір айлық төлемақысы 50 мың теңгеден артық болмаса, 10 млн теңге үшін ай сайын 70 мың теңге төлеп отыруға тура келеді. 13 млн - 90 мың, 15 млн - 105 мың, ал 18 млн үшін ай сайын 125 мың теңгеге шығындалу қажет. Әлбетте, банктердің қазіргі ипотекаларымен салыстырғанда жаңа бағдарламаның шарттары әлдеқайда тиімді. Бұны қарапайым халық та айтады.

«Мысалы, біз Астанада тұрамыз. Үйдің ипотекасын 20 жылға алдық. Банк 8 млн 800 мың теңгені 12 процентпен беріп отыр. Ай сайын 99 мың теңге төлейміз. Әрине, жаңа бағдарламаның шарттары тиімді. Онымен әлдеқайда аз ақша төлейтін едік», - дейді Астана қаласының тұрғыны Базарбай Махмұдов.

Ендігі мәселе - арзан ипотеканың барлығына бірдей қолжетімді болуы. Ресми статистикаға сәйкес, 2018 жылы ақпан айында бір жұмысшының орташа жалақысы 151,5 мың теңгені құрады. Халықтың номиналды кірісі артса да, нақты табысы, яғни тапқан ақшаға тауар мен қызметтерді сатып алу көрсеткіші төмендеді. Демек, бір үйден бір адам орташа жалақы алатын  болса, 7 млн теңгенің ипотекасын алуға мүмкіндігі жетеді. Бірақ қалған ақшаға отбасын асырай ала ма, жоқ па, оны айту қиын. Әрине, бүгінде аудандық жерлерде 50-70 мың теңге жалақы алып жүрген адамдар да бар. Ондайда бір үйде екі адам жұмыс істемесе, жаңа бағдарламамен баспана алу қиындау болады. Өкінішке қарай, «7-20-25» бағдарламасында әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар және тағы басқа санаттар болмайды. Әр адамның жеке төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады.

Енді бұл ипотека қашан беріледі дегенге келсек, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзіне қарағанда, 7 проценттік ипотеканы беру жұмыстары шамамен жылдың ортасында басталады. «Маусым айының аяғына дейін барлық құқықтық-ұйымдастырушылық шараларын аяқтаймыз деген жоспар бар. Содан шілде-тамыз айларында банктер арзан ипотеканы беруді бастайды. Несиелердің алғашқы пулы жасалған бойда біз оның барлығын сатып алуға кірісеміз», - деді О.Смоляков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Ал ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасына байланысты инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға жыл сайын бөлінетін қаржыны арттыруға тура келеді. Бұған дейін аталған сома 80 млрд теңге болса, ендігі кезекте оны 100 млрд теңгеге дейін көбейту қажет. Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің заемдарын беру талаптары өзгеретін болды. Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова да растап отыр. «Иә, біз барлық бизнес жоспарымызды қайта қарайтын боламыз. Алғашқы жарнаның көлемін де қайта қараймыз. Бұдан бөлек, кейбір шарттар бойынша несиенің мерзімі ұзаратын шығар. Соған басымдық береміз. Себебі тұрғын үй жинақ жүйесінің негізгі мақсаты да сол - ақшаны жинау. Белгілі бір сома жиналғанда несие беріледі. Ал алғашқы жарнаны азайту шарттары тек жаңа үйлерге қатысты болады. Қазір ескі үйлер нарығында баға түсіп, стагнация байқалады. Сондықтан ескі үйлерге қатысты шарттар өзгермейді. Проценттік мөлшерлеме де өзгереді. Бірақ ол да жаңа үйлерді сатып алу несиелеріне ғана қатысты болады», - деді Ләззат Ибрагимова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айтпақшы, сарапшылардың сөзіне сенсек, стагнация ескі жылжымайтын мүлік нарығында ғана емес, жаңа үйлер нарығында да байқалып отыр. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы халық үшін де, құрылыс компаниялары үшін де тиімді болатын түрі бар. Дегенмен, бәрін алдағы уақытта бағдарламаның жүзеге асуы, соған орай нарықтың құбылуы көрсететіні анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары