Өкінішке қарай, орыс тілінен қазақшаға қате, әрі дөрекі, түсініксіз аударылған жарнама жазбаларынан құтыла алмай келеміз. Мұндайға етіміз де, көзіміз де үйреніп кеткен. Десе де, сүт қорабындағы «Меня не нужно кипятить» сөзін тікелей «Мені қайнатуға керек жоқ» деген аударма жұрттың ашуын да, күлкісін де тудырды.
Бұл туралы белгілі сазгер Айгүл Бажанова өз Facebook-парақшасында жариялаған.
«Мені қайнатуға керек жоқ». Мені аудармашы қылып алыңыздаршы, тіпті аударатын адам таппай жатсаңыздар! Жалпақ тілмен, түсінікті әрі дөрекі емес етіп аударып берейін!», – деп жазды желідегі парақшасына.
Желі қолданушылары өз елімізде тұрып, өз қазақ тілімізді құрметтей алмағанымыз үшін қынжылды. Сондай-ақ, қазақ тілінде берілетін әр жарнаманы жоғары жақта отырған тіл мамандарының жіті қадағалап отыруы қажет екендігін айтты.