$ 447.4  477.55  4.76

Қазығұртта аспаздар байқауы өтті

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Аспазшылар байқауы» өтті. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл байқаудың мақсаты – кең көлемде түрлі ұлт өкілдерінің арасында өзара достық пен ынтымақтастықты нығайту және түрлі ұлт пен ұлыс аспаздарының шеберлігін арттыру болып табылады.

Байқауға ауданның 13 ауыл округінен 16 аспазшы қатысып, түрлі ас дайындалды. Негізінен аспазшылар қазақ, татар, өзбек, иран, орыс және ұйғыр тағамдарын дайындап, қазылар алқасына ұсынды. 

Ұлттық тағамдардан Қазығұрт ауылы округінің аспазшылары татар, орыс тағамдарының шебері атанса, Тұрбат ауыл округінің аспазшылары өзбек, ұйғыр тағамдары бойынша қарсылас шақ келтірмеді. Ал Қ.Әбдәлиев ауылы округінің аспазшылары қазақ, иран тағамдарын дайындаудан оқ бойы оза шапты.

Байқау барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары концерт көрсетіп, байқауға өз үлестерін қосты. Жүлделі орындарға ие болған аспазшыларға аудан әкімдігі тарапынан сый-сияпат жасалып, 300-ге жуық көрерменнің көзайымына айналды.

Айта кетейік, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бірқатар қоғамдық және әлеуметтік шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс-шара аясында облыс тұрғындары мен шетелдіктер Өгемдегі «Тәуелсіздік» шыңын бағындырды.

ОҚО әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған 3 күндік шараға 27 альпинист қатысып, 4100 метрлік шыңды бағындырды. Бұл жолғы фестивальдің ерекшелігі сол, шараға шетелдік қонақтар да қатысып, фестиваль халықаралық сипатқа ие болды.

Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс-шара акциясы аясында ОҚО-ның Отырар ауданында жергілікті тұрғындардың қатысуымен марафон болып өткен болатын. «Дені сау ұлт – Тәуелсіздік тірегі» атты бұқаралық жүгіруге 100-ден астам аудан тұрғыны қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлестерін қосқан еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары