Бүгін Арыс қаласының әкімі Мұрат Болатұлының бастамасымен қала аумағын көріктендіру және абаттандыру мақсатында 600-ге жуық адамның қатысуымен қалалық «Ағаш егу» акциясы өтті. Акция Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
Акцияны өткізудегі негізгі мақсат қала тұрғындарын қаланы таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы, қаланы таза әрі жасыл қалаға айналдыруға шақыру болып табылады.
«Ағаш ек, гүл ек – туған жерді түлет» деген нақыл сөзді ұстанған қала тұрғындары Арыс-Шымкент бағытындағы жол жиегіне 1500 түп қара тал көшеттері, «Жасыл аймақ» және «Жастар» саябақтарына, «Жеңіс» скверіне 200 сирия розасы, 300 катальпа және 300 талшын (каштан) ағаштарының көшеттерін отырғызды.
«Егерде әрбір қала тұрғыны өз ауласын таза ұстаса, егілген ағаш көшеттерінің дарақ болып өсуіне жағдай жасаса, үйлерінің қасбеттерін ақтаса Арыс қаласының бұдан да ажарлана түсетіні ақиқат. Сондықтан барлық арыстықтарды қала тазалығына бір кісідей атсалысуға, егілген ағаштарды суарып, баптауға шақырамыз» дейді қала әкімі.
Көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берген аймақ басшысы алдағы уақытта қалада бірнеше шағын бақтар (скверлер) салынатынын жеткізді.
Қазіргі таңда табиғатқа түсіп отырған ауыртпалықтың дәрежесі орасан екендігі соншалық, оны қорғауға тиісінше шұғыл көңіл бөлінбесе, мұның ақыры апатқа әкелуі мүмкін. Өйткені, қоршаған ортаның ластану ауқымы халықтың денсаулығы мен еңбек қабілетіне қатер төндіретіндей дәрежеге жеткендігі анық.