$ 443.35  475.54  4.82

Сайрам ауданы: Тәуелсіздіктің құрдастары ағаш көшеттерін отырғызды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында, «Тәуелсіздік құрдастарының» ағаш көшеттерін отырғызу акциясы Сайрам ауданына қарасты ауылдық округтерде ұйымдастырылды.

Облыс көлемінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында қолға алынған сенбілік шарасы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты ауылдық округтерде кең қолдауға ие болды. Аймақтарда өтіп жатқан тазалық күніне мемлекеттік мекеме қызметкерлері және жеке сектор өкілдері қатысуда. Соның ішінде, қала орталығындағы саяжайлар, көше жиектері тазаланып, ағаш көшеттері отырғызылуда. Сонымен бірге қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындары да атаулы күнге өз үлестерін қосуда.

Ел тарихындағы Тәуелсіздік атты айтулы мерекені ұлықтауға бағытталған іс-шара жоспарына сай бүгін «Тәуелсіздік құрдастарының» ағаш көшеттерін отырғызу акциясы өтуде. Бұл шарада 100-ден астам жас – мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызды.

Акцияға қатысушы тұрғын Абай Берден: «Тәуелсіздік құрдастарының» ағаш көшеттерін отырғызу шарасына мен де өз үлесімді қосу үшін келіп отырмын. Қаламыз көркейіп, туған өлкеміздің гүлденуіне құрбы-құрдастарыммен қатар қолтаңбамды қалдырғым келеді. Келешекте еліміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосамын деп сенемін» - деп ізгі ниетін жеткізді.

Осылайша экологиялық шараның мән-маңызын өз істерімен арттыруға үлес қосып жатқан оңтүстік қазақстандықтар қызу іске кірісіп кеткен. Сонымен қатар, тал егу шаралары Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында да жалғасты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу іс-шаралар жоспарына сәйкес мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларының тал егу шарасы өткізілді. «Менің ағашым менімен бірге өседі» атты іс-шараға қала зиялылары, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Ондағы мақсат - жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және табиғатты аялауға баулу. Сол себепті, бірінші сыныптың оқушылары мектепті бітіргенше өздері еккен талдарға қарайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары