$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО: көгілдір отыннан дау тумайды

Оңтүстік Қазақстанда көгілдір отынмен толықтай қамтылған жалғыз аудан бар. Түлкібас ауданының тұрғындары енді бұл мәселеде қиындық көрмейді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсағында таулы аймақта орналасқан үш елдімекенге табиғи газ келді.

Келтемашат ауылдық округінің Дәубаба-1, Дәубаба-2 және Төрткүл ауылдарының тұрғындары қақаған аязда отын жарып, күл шығармайтын болды. Әсіресе, бұл жаңалыққа ақсақалдар риза. Жасы 94 келіп, кемелінде отырған қария Сұлтан Кенжебековтың осы күнге жеткізген мемлекет басшысына айтар алғысы шексіз. «Басшы елін басқаруда қателік жасаса, ол ел дамымайды. Өркениет көшінен кенде қалып, бәсекелестіктің не екенін де ұғына алмайды. Ал, біз бейбіт күнге аман-есен жеткізген бабаларымызға рахмет айта отырып, сарабдал саясатымен шетелді мойындатқан Президентімізді ардақ тұтуымыз қажет»,-деді ол. Айта кеткен жөн, бүгінгі көгілдір отын жеткен үш елді мекенде 1,5 мыңға жуық халық тұрады. Бұл жұмыстар үшін облыстық бюджеттен 2 014 млн. теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 34,27 шақырым болатын газ құбырының құрылыс жұмыстарын «Энергоресурс» ЖШС мекемесі жүргізген. Құрылыс жұмыстары бір жылға жетпей аяқталды. 3 жылдан 5 жылға дейін кепілдік бар. Өз сөзінде аудандық мәслихат хатшысы Өтепбай Маткеримов, Түлкібастың толықтай газдандырылуы – ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесіндегі үлкен жетістік деп, нықтап айтты.

Жалпы Түлкібас ауданында  газдандыру жұмыстары соңғы 5 жылда 37 елді мекенде жүргізілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары