$ 448.15  483.46  4.86

Оңтүстікте «Отан ағашы» акциясы өтті

ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйытқы болуымен Ордабасы ауданында «Отан ағашы» акциясы өтті. «Бадам орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» мекемесі орман қорының 60 гектар жеріне 25 мың көшет отырғызды.

Жергілікті жұрт ауызында «Лесхоз» деп танылған алқап уағында қоңыр күзде жемісі көздің жауын алатындай бау-бақша болған. Акцияның мақсаты осы келбетті қайта қалпына келтіру.  

– Көгалдандыру жұмыстары елімізде жаппай қарқын алуда. «Себебі, бұл біздің болашақ ұрпаққа, өзімізге және Табиғат анаға жасап отырған сыйымыз. Бұл игілікті іске әрбір азамат атсалысуы қажет. Әсіресе, жастардың қатысуы аса маңызды», деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Осы орайда облыс әкімінің «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында 25 мың түп жеміс ағашы отырғызылды. Жеміс ағаштарын таңдаған себебіміз, олардың көгергені, гүлдегені өте әдемі. Екіншіден, өсіп келе жатқан келешек ұрпаққа өзінің жемісін беріп, жастардың назарын аударатындай бір бау-бақша болсын дейміз. Жемісінен дәм татып өскен балалардың табиғатқа да сүйіспеншілігі арта түседі деген ойдамыз. Жалпы, негізгі ойымыз облыс аумағын жасыл желекке айналдыру. Осыған байланысты қолға алынған шара алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев.

Айтып өтерлігі, Оңтүстік Қазақстан облысындағы орман қорының жері 3 132,2 мың гектар. Оның ішінде 1 573,7 мың гектары орманды дала болса, сексеуіл алқаптары да жыл сайын ұлғайып келеді. Мысалы, өткен жылы орман қорының 16418 гектар алқабына сексеуіл тұқымы себілген. Сонмен бірге облыста елді мекендерді көгалдандыру мақсатында 3126,1 гектар жерге 1294,6 мың түп көшет егілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары