$ 448.15  483.46  4.86

Дәрігерлер ән айтып жарысты

«Екі жұлдыз». Осындай тақырыппен Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында ақ халаттылар арасында арнайы байқау ұйымдастырылды. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

Ордабасы аудандық емхана қызметкерлері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Екі жұлдыз" өнер байқауын ұйымдастырып, өздерін өзге қырларынан танытты. Байқауға арнайы келген аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков баршаны айтулы мерекемен құттықтап, денсаулық саласында атқарылған игілікті істерге тоқталды.

«Ордабасы Шымкентке іргелес жатқан аудан. Соған қарамасатан, емхана, ауруханалары жоқ ауылдарымыз жеткілікті болатын. Тәуелсіздік бізге сол мәселелердің шиеленіспей, біртіңдеп шешім алуына жол ашты. Бүгінгі таңда медициналық нысанның барлығы заманауи құрал-жабдықтармен толықты. Рас. Кадр тапшылығы әлі де сезіледі. Себебі, бұл мамандық нағыз кәсібилікті қажетсінеді. Енді мереке қарсаңында елге шипа беріп, ем-дом жасап жүрген ақ халатты абзал жандарымызды екінші қырынан көріп отырмыз. Тек қана дәрі-дәрмек жазуды емес, ән айтуды да білетін дәрігерлеріміздің талантын тамашалап, қазылар алқасынан әділдік болады деп сенеміз. Баршаңызды Ел Егемендігінің ширек ғасырымен шын жүректен құттықтаймын!»,-деді Ордабасы ауданының әкімі А.Мамытбеков.

Бәсекеде ауылдық округтерден және аудандық емханадан барлығы 8 жұп бақ сынады. Алғашқы айналымда патриоттық жанрда орындаған сайыскерлер екінші кезеңде еркін тақырыпта жанына жақын әндерді шырқап, көк аспанды әсем әуенмен әуеледі. Нәтижесінде аудандық емханадан Ұ.Ережеев пен Ж.Қарғанбаева - бас жүлдені, Шұбар дәрігерлік амбулаториясынан Б.Лесбек пен Ә.Ауылбекова - І, Қараспан дәрігерлік амбулаториясынан С.Қалдаров пен Қ.Жексенбаева - ІІ, Қарақұм дәрігерлік амбулаториясынан Ж.Ибраев пен Қ.Ұрдабаева ІІІ орынды иеленді.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Жылқыбай өнерімен ерекшеленген жұптарды ерекше атап өтті. Аудандық емхананың бас дәрігері Н.Абжапарова жүлдегерлерді алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары