$ 443.85  474.3  4.8

Кемелдiкпен көмкерiлген кездесу

Жұлдызды акция аясындағы  жарқын күндер жалғасын табуда. Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығына бұл күнi руханияттың шамын жағып жүрген жазушылар мен ақындар, ғалымдар келдi. Көрермендер залында отырғандардың қарасы қалың едi. Осыдан-ақ жастардың әдебиет әлемiне деген ынтасын аңғарғандай болдық. Студенттер мен жоғары сынып оқушылары әдемi әңгiме мен кәусар жырға шөлiркеп қалыпты. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, белгiлi жазушы Еркiнбек Тұрысов әдебиет айдынына қалай келгенiн әсерлi жеткiздi.

Сонау сұрапыл соғыс жылдарында майданға Ақбақай атты сәйгүлiк жөнелтiлiптi. Естi жануар мыңдаған шақырым алыс жолдан ауылын адаспай тауып келген. Үйiрiмен шұрқырап табысқан айғырды көрiп жыламаған адам қалмапты. Кiм бiлiптi, шерлi көңiлдi ауыл адамдарына соғыс өртiн кешiп келген жылқы бiр хабар жеткiзгендей де болған шығар. Туған жерге деген сағыныш жануарларда да болады екен-ау. Туған жер құдiретi деген бәлкiм осы шығар. Сондықтан аталарымыз Атамекендi жау табанына таптатпаймыз деп шыбын жандарын пида еткен жоқ па? Олар азаттық үшiн арпалысып өттi емес пе? Иә, тәуелсiздiк қолымызға оңай тидi деп жүргендер қателеседi. Ол бiзге бабаларымыздың қанымен, ерлiк iстерiмен келдi. Ақбақай ақиқатын тыңдап отырып осындай ой өрбiткен тыңдаушылар тәуелсiздiктiң тәттi жемiсi оңайлықпен уысқа түспейтiнiн сезiндi.

Ал, К.Симонов атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты, көрнектi ақын Нармахан Бегалыұлы ақындықтың азабы мен ғажабы туралы әсерлi баяндады. Сонымен қатар ақындар Қабылбек Төретай пен Әмзе Қалмырзаұлы шығармашылық iзденiстерi жөнiндегi ойларын ортаға салды.

«Қазақстан – байтақ елiм» атты облыс ақын-жазушыларының кiтаптар көрмесi ән-жырмен көмкерiлдi. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткен кiтаптар көрмесi алдағы уақыттарда да өз жалғасын табары анық. Кездесу соңында «Көрме» орталығының директоры Зухра Қарабекова қонақтарға кәделi сый-сияпат тапсырып, Алғыс хаттармен марапаттады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары